RU

Белгілі шаңғышы қаза тапқан жол апатының мән-жайы анықталды

Жол апаты
Көрнекі фото: nakanune.ru

Белгілі қазақстандық шаңғышы Николай Чеботько балық аулаудан қайтып келе жатып, көлік рөлін басқара алмай қалған. Спортшыны құтқару мүмкін болмады, ал жолаушы ауруханаға жеткізілді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі Ақмола облысы полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомство ақпарынша, бүгін түнгі сағат екі шамасында полицияға Көкшетау-Бурабай тас жолында көліктің ағашқа соғылғаны туралы хабарлама келіп түскен. Тәртіп сақшылары жол-көлік оқиғасы Бурабай ауылы маңындағы тас жолдың 8 -шақырымында болғанын анықтады.

Mercedes-Benz 500G автокөлігінің рөлінде 38 жастағы спортшы болған. Алдын ала ақпаратқа сәйкес, көлік жүргізушісі рөлді басқара алмай, ағашқа соғылған.

Ал көліктегі 37 жастағы жолаушы дене жарақаттарымен аудандық ауруханаға жеткізілді. Зардап шегушінің сөзінше, олар Үлкен Шабақты көлінен балық аулап келе жатқан. Аталған факті бойынша ҚР ҚК 345- бабына сәйкес сот алды өндіріс басталды. Сараптамалар тағайындалды. Тергеу жұмыстары жүріп жатыр.

Айта кетейік, Николай Чеботько 1982 жылы 29 қазанда Көкшетау облысына қарасты Щучинск қаласында дүниеге келген. Шаңғы спортынан 2013 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері, төрт бірдей Олимпиада ойындарының қатысушысы. 

Үлкен спорттағы ең ірі  жетістігіне Николай Чеботько 2013 жылы қол жеткізді. Ол сол жылы Валь-де-Фьеммеде өткен әлем чемпионатында командалық спринт бойынша үздік үштікке енген. Сондай-ақ, спортшы Азия ойындарында үш алтын, төрт күміс және екі қола медаль жеңіп алған. 

Әлем кубогі кезеңдерінде 2001 жылдан бастап сынға түсті. 2012 жылы Квебектегі әлем кубогі кезеңінде Денис Волоткамен бірге тарихи алтын жүлде иеленген. Ол бірнеше рет ел чемпионатында көзге түсіп, өмірінің соңына дейін шаңғы жарыстарында бақ сынады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1895339-belgili-sagysy-kaza-tapkan-zol-apatyny-mn-zajy-anyktaldy/