RU

Семейде бетпердесіз суретке түскен депутаттар айыппұл арқалады

Депутаттар
Фото: facebook.com/arman.mashimov

Семей мәслихатының депутаттарына маскасыз суретке түскені үшін айыппұл салынды. Кейбірі айыппұлды төлеп үлгерген және бұл туралы ақпаратты әлеуметтік желіде бөліскен деп хабарлайды Arnapress.kz.

Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау бөлімінің басшысы Берік Тілебалдин резонанс тудырған суретке түскендердің барлығына айыппұл салынғанын мәлімдеді.

Олардың арасында қала әкімі мен оның орынбасары да бар. Тілебалдиннің айтуынша, әрбір құқықбұзушы 85 мың теңге көлемінде айыппұл төлеуге міндеттелген.

Айыппұлды төлеуге бір ай уақыт беріледі. Егер айыппұл 7 күн ішінде төленсе, онда оның мөлшері 2 есе аз болады.

Басылымның хабарлауынша, "Ауыл" партиясынан мәслихат депутаты Қайрат Смағұлов айыппұлды төлегенін көпшілікке мәлім еткен.

Ол бұл туралы желіде жазып, жазбасына парламент мәжілісі депутаттарының суретін қоса салған.

"Мен айыппұлды төледім, ал сіздер ше?", - деп жазған депутат.

Бүгінде бұл жазба депутаттың парақшасынан өшірілген. Оның әріптесі Арман Мәшімов айыппұлды дүйсенбіде төлеуге уәде берген.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін семейліктер депутаттар маскасыз ұжымдық суретке түсеміз деп, сынға қалған еді.

Сын-пікірлерге Семей мәслихатының хатшысы Бейсенбек Ақжалов жауап берді.

Ол екі фотосурет болғанын айтты. Алдымен депутаттар бетперде тағып фотоға түскен, содан кейін бетпердесіз суретке түскілері келген.

Оның айтуынша, ешқандай заңбұзушылық болған жоқ. Себебі депутаттар 30 секундқа маскаларын шешіп, ішінде демін тоқтата тұрып, суретке түскен.

Кейін суретке қатысты шуға ШҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті пікір білдіріп, санитарлық ережені бұзғандарға айыппұл салынатынын айтқан болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1895376-semejde-zymdyk-suretke-demin-toktatyp-tsken-deputattar-ajyppl-arkalady/