RU

Цой эпидемиологиялық ахуалы дұрыс қадағаланбай жатқан үш өңірді атады

цооой
Фото: 24.kz

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой эпидемиологиялық ахуалы жеткілікті деңгейде қадағаланбай жатқан үш өңірді атады. Оның айтуынша республикада коронавирус жұқтырған азаматтардың 40 пайызы – осы үш облыстың тұрғындары деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«26 қаңтардағы эпидемиологиялық ахуалды бағалау матрицасына сәйкес, Қазақстанның 6 облысы мен 2 қаласы «қызыл» аймақта тұр. Олар: Ақмола, Павлодар, Атырау, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан облыстары мен Нұр-Сұлтан және Алматы қалалары.

Бұл ретте Ақмола, Павлодар, Қостанай облыстарында эпидемиологиялық ахуалды жеткілікті деңгейде бақылау жүргізіліп жатпағанын атап өту керек.

Осының салдарынан республикада коронавирус жұқтырған азаматтардың 40 пайызы – осы облыстардың тұрғындары. Осыған байланысты аталған өңірлердің әкімдері тиісті әрі тиімді шектеу шараларын енгізіп, оның сақталуына баса мән беруі керек», - деді Алексей Цой Үкіметтің кеңейтілген отырысында.

Еске сала кетсек, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы басталғанын жазған едік.

Онлайн форматтағы жиында елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының 2020 жылғы қорытындылары мен алдағы жоспары талқылануда.

Отырыста мемлекет басшысы денсаулық сақтау министрінен "СҚ-Фармация" компаниясының міндеттемелерін қайта қарау жөніндегі тапсырмасы қалай орындалып жатқанын сұрады.

"СҚ-Фармацияға" қандай сын айтылғанын білесіздер. Ол жерге салмақты реформа керек. Осыған байланысты не істелді?" - деді мемлекет басшысы.

Бұл сауалға жауап қайырған Алексей Цой компанияның жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жұмыстары жүргізілгенін жеткізді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1895688-coj-epidemiologialyk-ahualy-drys-kadagalanbaj-zatkan-s-irdi-atady/