RU

Алматыда тарихи туындыға бөлінген бюджеттен қаржы жымқырғандарға сот үкімі шықты

Камера
Көрнекі фото: pixabay.com

Алматыда тарихи фильм үшін пиротехникалық заттарды сатып алуға бөлінген бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша сот үкімі шықты. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Қаржы мониторингі комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Ведомствоның баспасөз қызметінің ақпаратына сүйенсек, Алматы қаласы экономикалық тергеу департаменті "Қазақфильм" АҚ "Қасым хан" киножобасы" бөлімшесінің директорына қатысты тергеуді аяқтаған.

Бөлімше басшысы өзінің қызметтік жағдайын пайдаланып, тағы екі адаммен сөз байласып, аса ірі көлемде бюджет қаражатын жымқырды деп айыпталған.

"Тергеу барысында іске қатысы бар адамдар өздерінің қызметтік жағдайын пайдаланып, тарихи телехикаяны түсіруге пайдалану үшін пиротехникалық заттарды сатып алуға бөлінген 29,9 миллион теңге бюджеттік қаражатты жымқырғаны дәлелденді", - дейді ведомство.

Комитеттің мәліметінше, сотқа дейінгі тергеу кезінде күдіктілер келтірген шығынды толығымен өтеген.

Сот үкімімен күдіктілер ҚР ҚК 189 бабы, 3 бөлімі, 1, 2 тармақтары (ірі көлемде сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін жұмсау немесе жымқыру) бойынша кінәлі деп танылған.

"Қасым хан" киножобасы" бөлімінің бұрынғы директоры 2 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал қалған екі сыбайласына көрсетілген мерзімде пробациялық бақылау орнатумен 3 жылға дейін бас бостандығын шектеу және 100 сағаттық мәжбүрлі еңбекке тарту жазасы берілген.

Еске сала кетсек, бұған дейін Шымкентте қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің бастығы қызметін атқарған Жеңіс Байымбетов 10 жылға бас бостандығынан айырылғанын жазған едік.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1895712-almatyda-kasym-hanga-arnalgan-tarihi-tuyndyny-aksasyn-zymkyrgandarga-sot-kimi-sykty/