RU

Президент қараша айына дейін Жер кодексіне түзетулер енгізуді тапсырды

Тоқаев
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметке қараша айына дейін Жер кодексіне түзетулер енгізілуін қамтамасыз етуді тапсырды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

"Биыл Жер кодексінің жекелеген нормаларына жарияланған мораторий мерзімі аяқталады. Осыған орай, Жер жөніндегі комиссияның жұмысын қайта жандандыру қажет. Ұсыныстар байыппен талқыланып, түбегейлі шешім қабылдануы тиіс. Үкіметке биылғы қараша айына дейін Жер кодексіне түзетулер енгізілуін қамтамасыз етуді тапсырамын", - деді президент үкіметтің кеңейтілген отырысында.

Мемлекет басшысы жайылымдар мәселесіне де тоқталды. Айтуынша, бұл жерлер, ең алдымен, ауыл тұрғындарына қолжетімді болуға тиіс.

"Жергілікті әкімдіктер жұмысты дұрыс ұйымдастырмай отыр. Соның салдарынан ауыл тұрғындары мал жаятын жайылым таппай қиналуда", - дейді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жайылымдардың 99 пайызы шаруа қожалықтарының иелігінде. Алайда, оның 36 пайызында ғана мал жайылады. Қалған 46 миллион гектар жайылымдық жер бос жатыр. Үкіметке бас прокуратурамен бірлесіп, осы жылдың соңына дейін осындай жайылымдарды қайтарып алуды тапсырамын, деп жалғастырды президент.

"Ауыл халқы экономика, өңірлік даму және тең мүмкіндік беру тұрғысынан жаңа әрі серпінді шешімдер күтіп отыр. Менің тапсырмаммен Агроөнеркәсіп кешені туралы ұлттық жоба әзірленіп жатыр. Алдағы бес жылда бұл мәселені шешуге тиіспіз", - деді мемлекет басшысы.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1895715-tokaev-karasa-ajyna-dejin-zer-kodeksine-tzetuler-engizudi-tapsyrdy/