"Толығымен жойдық": Тәжікстан президенті коронавирусты жеңгендерін мәлімдеді
Опубликовано:

Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон өзінің жыл сайынғы парламентке жолдауында Тәжікстан коронавирусты толығымен жеңгенін мәлімдеді деп хабарлайды РИА Новости.
"Қазір Тәжікстанда коронавирус жоқ, біз оны толығымен жойдық", – дейді мемлекет басшысы.
Дегенмен Эмомали Рахмон елдегі барлық тұрғындар қауіпсіздік шараларын сақтауы керек екенін атап өтті.
"Босаңсуға негіз жоқ, жеке және қоғамдық гигиена ережелерін ұмытпау керек", – деп қосты Тәжікстан президенті.
Мемлекет басшысының айтуынша, Тәжікстан үкіметі өткен жылы ұлттық денсаулық сақтау жүйесін қолдауға 1,6 миллиард сомони (145 миллион доллардан астам) бөлген, ал елде шұғыл түрде 30-ға жуық жаңа аурухана салынып, пайдалануға берілген.
"Коронавирус пандемиясымен күресу үшін COVID-19 жұқтырған пациенттерге ауруханаларда жаңадан 7000-нан аса орын дайындалды, оларға 5400 медицина қызметкері қызмет көрсетті", – дейді Эмомали Рахмон.
Елдің денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, Тәжікстанда соңғы 15 күн ішінде коронавирус инфекциясын жұқтырған адам тіркелмеген.
Ал Қазақстандағы жағдайға келсек, елімізде COVID-19 инфекциясын жұқтырғандар саны күн санап өсуде. Мәселен өткен тәулікте 1266 адамнан коронавирус анықталған.
Қазақстан коронавирус бойынша "қызыл" аймақта. Оның ішінде Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары мен Ақмола, Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстары "қызыл" аймақта тұр.
"Сары" аймақта - Қарағанды облысы. Қалған өңірлер "жасыл" аймақта.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1895764-tolygymen-zojdyk-tzikstan-prezidenti-koronavirusty-zegenderin-mlimdedi/