Зейнетақыны мерзімінен бұрын шешіп алу: Қанша қазақстандықтың өтініші мақұлданды
Опубликовано:

Қазақстандықтар зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын алуға өтініш беруін жалғастырып жатыр.
Осы орайда "Отбасы Банкі" АҚ басқарма төрағасының орынбасары Нұрлан Ақшанов өзінің Facebook-тегі парақшасында осы уақытқа дейін қанша өтініш мақұлданғанын хабарлады.
"Келіп түскен өтініштер саны – 38 806. БЖЗҚ қазірдің өзінде оның 18 мыңын мақұлдады", – деп жазды Ақшанов әлеуметтік желіде.
Еске салсақ, 23 қаңтарда Қазақстанда тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін берілетін зейнетақы жинағының бір бөлігін алуға өтінім қабылдау басталған болатын.
Алғашқы күні-ақ enpf-otbasy.kz онлайн-платформасында өтініш бергендер саны 11 мыңнан асып түскен болатын.
Өтініш беру үшін электрондық цифрлық қолтаңба қажет. Шешіп алудың қолжетімді сомасы жеткіліктілік шегіне тікелей байланысты болады.
Сонымен қатар enpf-otbasy.kz онлайн-платформасында "өтінімді жою" атты жаңа функция іске қосылған еді.
Айта кеткен жөн, уәкілетті оператор – БЖЗҚ-дан біржолғы зейнетақы төлемдерін алу үшін салымшылар жүгіне алатын ұйым. Мұндай операторлар тізімі тағы екі банкпен толықты.
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының хабарлауынша, Altyn Bank және Банк ЦентрКредитпен өзара іс-қимыл туралы келісімдер жасалған.
Бүгін өткен үкіметтің кеңейтілген отырысында мемлекет басшысы зейнетақы жинағының бір бөлігін алуға байланысты тұрғын үй төңірегіндегі бағаның өсуі мен дүрбелеңге жол бермеу қажеттігін айтты.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1895779-zejnetakyny-merziminen-bryn-sesip-alu-kansa-kazakstandykty-tinisi-makldandy/