RU

Алматылық студент "Орел и решка" бағдарламасы жасырған "қазынаны" тауып алды

Студент
Фото: 5region.kz

Алматыда тұратын студенттердің бірі "Орел и решка. Девчата" бағдарламасы жасырған "қазынаны" тауып алды деп жазады "Пятый регион" басылымы.

Темірлан Дүйсембин - Алматыда білім алып жүрген студенттердің бірі. Саяхат туралы бағдарламаларды сүйіп көретін азамат, әсіресе "Орел и решка" бағдарламасын ерекше ұнатады екен.

"Мен бұл бағдарламаның әлеуметтік желісіндегі парақшасына жазылғанмын және олардың түсірілім орындары көрсетілген жазбаларын белсенді түрде қарап отырамын", - дейді жас жігіт.

Өткен жылдың қараша айында әлеуметтік желіде "Орел и решканың" жаңа түсірілімі Қазақстанның оңтүстік астанасында өтетіні жария етілген еді.

"Мен бұған қатты қуандым, өйткені олар Алматыға соңғы рет 2013 жылы ғана келген болатын. Осы сәттен бастап мен бағдарламаның шығатын күнін күтумен болдым. Эфирге үш күн қалғанда украиналық "Новый Канал" телеарнасы "Орел и решка. Девчата" бағдарламасының (жүргізушілері Юлия Коваль мен Настя Ивлеева) Алматы жайлы түсірілімі шығатынын хабарлады", - деп есіне алды студент.

Түсірілім жақын арада шығатыны хабарланғаннан кейін Темірлан Украина телеарнасының қосымшасын жүктеп, бағдарламаның эфирге шығатын сәтін күтумен болған.

"Содан кейін көптен күткен күн келді. Мен бағдарламаны көрген соң дереу олардың бөтелкені қайда жасырғанын анықтап, сол жерге жетуге асықтым", - деп жалғастырды қазына іздеуші.

Темірланның айтуынша, қазына жасырылған жер өзіне жақын болған. Жас жігіт бірнеше минут ішінде діттеген жеріне жеткен.

"Мен көптен күткен қазынаны таптым! Біртіндеп адамдар бұл жерге келіп, қазынаны іздей бастады. Мен келеңсіз жайттардан қорқып, тауып алған қазынамды көрсетуге батылым жетпеді. Сондықтан, суретке тек жұрт тарқағаннан кейін кешке түстім. Менің балалық арманым орындалды! Өте қуаныштымын және осы шоуға алғысым шексіз!", - дейді ол.

Темірлан тауып алған жүз долларды саяхатқа жұмсамақ.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1895817-almatylyk-student-orel-i-reska-bagdarlamasy-zasyrgan-kazynany-tauyp-aldy/