RU

Түркістан облысында төрт түлік жер иеленушілер қазып тастаған арыққа құлап, арам қатқан (фото)

жылқы өлді1
Кадр: КТК арнасынан

Түркістан облысында төрт түлік қырылып қалды. Себебі, Арыс қаласындағы ірі жер иеленушілер жалға алған телімдерін мал жүрмесін деп қазып тастаған. Бірнеше күн бұрын болған боранда жайылып жүрген жылқы мен сиырлар ық іздеп, сол арыққа түсіп өлген. Барынан айырылған малшылар өлекселерді қар астынан аршып алып жатыр деп хабарлайды КТК арнасы.

Телеарнаның мәліметінше, бораннан кейін малын таппай қалған тұрғындар иен даланы жоқ іздеп шарлап шыққан. Сөйтсе, жылқы мен ірі қара арыққа түсіп өліпті.

Кейбірін қар астынан шалажансар күйде шығарып алып жатқан жұрт енді шығынды кімнен дауларын білмей дал.

Арысқа қарасты Монтайтас ауылында жайылым жер жоқтың қасы. Кезінде үлеске берілген жерді егін саламыз деп кәсіпкерлер жалға алған. Бірақ ештеме егілмейтін алқаптарға тұяқ тимесін деп, тереңдігі бір метрден асатын арық қазып тастаған.

Ірі қара қыс түгілі, көктем мен жазда да осы орға жығылып арам қататын көрінеді.

мал жылқы1
Кадр: КТК арнасынан

Осы орайда тұрғындар ауыл әкімінен кәсіпкерлерге шара қолдануды талап етті.

Алайда Монтайтас ауылының басшысы игерілмеген жерлердің тізімін жылда ауданға жіберетінін. бірақ одан еш нәтиже жоқ екенін айтқан.

Дереккөз КТК арнасы

Айта кетейік, үкіметтің кеңейтілген отырсында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жайылымдар мәселесіне тоқталған еді.

Президенттің айтуынша, бұл жерлер ең алдымен ауыл тұрғындарына қолжетімді болуы тиіс.

Алайда Қасым-Жомарт Тоқаев жергілікті әкімдіктер жұмысты дұрыс ұйымдастырмай отырғанын, салдарынан ауыл тұрғындары мал жаятын жайылым таппай қиналып жүргенін баса айтты.

"Жайылымдардың 99 пайызы шаруа қожалықтарының иелігінде. Алайда, оның 36 пайызында ғана мал жайылады. Қалған 46 миллион гектар жайылымдық жер бос жатыр. Үкіметке бас прокуратурамен бірлесіп, осы жылдың соңына дейін осындай жайылымдарды қайтарып алуды тапсырамын", - дейді мемлекет басшысы.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1895820-trkistan-oblysynda-trt-tlik-zer-ielenusiler-kazyp-tastagan-arykka-klap-aram-katkan/