RU

Таразда полицей көлік жүргізушісін қарғаймын деп басы бәлеге қалды (видео)

Полицей
Көрнекі фото: sputniknews.kz

Таразда тәртіп сақшысы көлікті не үшін тоқтатқанын сұрап, құжат көрсетуден бас тартқан азаматты қарғаймын деп басы бәлеге қалды.

Көлік жүргізушісі мен көлікті тоқтатқан полиция қызметкері арасындағы ерекше диалогтың видеосы әлеуметтік желілерде тарап кеткен. Видео taraz_v_obektive атты Instagram-парақшасында жарияланды.

Өзін не себепті тоқтатқанын білгісі келген жүргізуші полицейден ереже бұзғанын дәлелдейтін бейнежазбаны көрсетуін сұрап, тәртіп сақшысының құжаттарын талап еткен.

Полиция қызметкері бірнеше минут бойы жүргізушіге оны неге тоқтатқанын түсіндіруге тырысады. Ақыры ол жүргізушіге жақсы сапар тілеп, соңында оны қарғағанын видеодан анық байқауға болады.

"Ақ жол! Жортқанда жолың болсын, бауырым! Қарғыс атсын сені!", - дейді тәртіп сақшысы автокөлік жүргізушісіне.

Видеоға Жамбыл облысының полиция департаменті пікір білдірді. Олар инспектордың бейнежетонынан және сырттай бақылау камераларынан бейнежазбаны алу, сондай ақ автокөлік жүргізушісін тауып, одан жауап алу мақсатында жан-жақты тергеу жүргізіліп жатқанын мәлімдеген.

Сол арада КТК телеарнасы көлік жүргізушісі мен полиция қызметкері осы жайттан кейін бір-бірімен кездесіп, шағымдары жоқ екенін айтқанын хабарлады.

Айта кетейік, бұған дейін немерелерімен тұрудан бас тартып, далада қалған 80 жастағы әжейді бір бөлмелі үйіне кіргізіп алған ақтөбелік полиция қызметкері туралы жазған едік.

Дастан Сұлтанғазиевтің әрекетіне ел сүйсінуде.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1895837-tarazda-policej-klik-zrgizusisin-kargajmyn-dep-basy-blege-kaldy-video/