RU

"Жүктілігіме қарамай, аязда қуып жіберді": Екінші күйеуінен қорлық көрген әйелдің оқиғасы

Көрнекі
Көрнекі фото: pexels.com

Алматыдағы "Жан Сая" дағдарыс орталығын паналаған мүмкіндігі шектеулі келіншектің тағдыры мұндағы қызметкерлерді бей-жай қалдырмады. Кішкентайынан мүгедектігі бар әрі ата-анасы ажырасып кеткен Ұлпанға (кейіпкердің қауіпсіздігін сақтау мақсатында есімі өзгертілді – ред.) өмір күтпеген тосынсыйлар дайындап тұр еді. Екінші рет тұрмыс құрып, екі жыл бойы күйеуінен таяқ жеген келіншек жақында тұрмыстық зорлық-зомбылық орталығына бас тіреді. Басқа барар жері қалмаған Ұлпанның оқиғасы көпшіліктің көзіне жас алдырды деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Ұлпанның алғашқы некесі сәтсіз аяқталды. Бірінші күйеуінен төрт жасар ұлы бар. Ата-анасы ажырасып кеткен ол туыстарынан да жылу көрмеген. Сол себепті, өзін өзі алға сүйреп, ұлы екеуінің күн көруіне жағдай жасап келеді. Кейін ол өзін ұнатқан ер адамның ұсынысын қабыл алады. Ондағы ойы – бұл өмірде ұлы екеуіне қорған болатын жан табу еді. Алайда, оның бұл арманы тағы да орындалмады.

"Күйеуім өзімді ұрғанына көнген едім. Бірақ төрт жасар бейкүнә балама қол көтергені жаныма қатты батты. Ол кезекті рет ұлымды ұрғанда баламның миы шайқалып кеткен. Кейін бұл ұзақ емдеу шараларын қажет етіп, әрең дегенде қатарға қостым. Әке-шешем ажырасып кеткендіктен, әрқайсысы өз отбасыларымен өмір сүруде. Олардан келіп-кетер пайда жоқ. 2019 жылы екінші рет ана атанып, дүниеге қыз бала әкелдім. Күйеуімнің сорақылығына байланысты жүктілігім де дұрыс өтпеді. Ішімдікке тойып алып, жүктілігіме қарамастан, аязда далаға қуып жіберетін. Басқа қаладағы әпкемді де паналап көрдім, болмады", - дейді ол.

Ұлпанның күйеуі араққа салынған. Мас күйінде әйелі мен бала-шағасынан бар өшін алатын оған жас келіншек бұдан әрі төзе алмайтынын түсінеді. Ұлпан 22 жастағы інісінің үйіне қашып барып, полиция шақырып, оқиғаны толық түсіндіреді. Құқық қорғаушылар болса, Ұлпан мен балаларын Алматыдағы дағдарыс орталығына алып келді.

Орталыққа келген Ұлпан есін жиып, жан-жағын түгендеген. Мұндағы мамандар белгісіз себептерге байланысты тоқтап қалған Ұлпанның мүгедектігі үшін алатын жәрдемақысын қалпына келтіруге күш салуда. Заңгерлер Ұлпанның туған қаласындағы емханаға ресми түрде өтінім жіберді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1895938-zktiligime-karamaj-aazda-kuyp-ziberdi-ekinsi-kjeuinen-korlyk-krgen-jeldi-okigasy/