RU

Жаңа қаулы: Коронавирус жұқтырған барлық науқас ауруханаға жатқызылмақ

Палатадағы төсек-орын
Көрнекі фото: Antonio Masiello/Getty Images

Алматыда COVID-19 жұқтырған барлық науқастар ауруханаға жатқызылады. Бұл туралы қаланың бас санитарлық дәрігерінің жаңа қаулысында айтылған деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Тиісті құжатта коронавирус жұқтырған барлық науқастың ауруханаға жатқызылатыны көрсетілген. Қаулы 1 ақпанда күшіне енеді.

Сонымен қатар қыстың үшінші айының басынан оңтүстік астанада театрлар мен кинотеатрлардың жұмыс істеуіне тыйым салынады.

Естеріңізге сала кетейік, елімізде өткен тәулікте коронавирус жұқтырған тағы 1413 адам тіркелген. Оның 138-і Алматы қаласынан.

Осылайша, қазіргі уақытта Қазақстанда COVID-19 инфекциясы анықталғандар саны 182 530-ға жетіп отыр.

28 қаңтардағы эпидемиологиялық ахуалды бағалау матрицасы 27 қаңтардағы көрсеткіштен өзгерген жоқ. Яғни, Қазақстанның 6 өңірі мен 2 қаласы әлі де "қызыл" аймақта тұр.

Олар: Ақмола облысы, Павлодар облысы, Атырау облысы, Қостанай облысы, Солтүстік Қазақстан облысы, Батыс Қазақстан облысы мен Нұр-Сұлтан және Алматы қалалары. Ал "сары" аймақта Қарағанды облысы орналасқан. Қалған өңірлер, атап айтқанда 7 облыс пен 1 қала – "жасыл" аймақта. Жалпы Қазақстан аумағы "қызыл" аймақта орналасқан.

Сонымен қатар, 26 қаңтар күні үкіметтің кеңейтілген отырысында Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой 2021 жылдың соңына дейінгі эпидемиологиялық ахуалға қатысты жасалған болжамды ұсынған болатын. Оның сөзінше, эпидемияның шарықтау шегі наурыз айының соңында болуы мүмкін.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1896110-almatyda-koronavirus-zktyrgan-barlyk-naukas-auruhanaga-zatkyzylmak/