RU

Өскеменде Ертістен су алмақ болған әйел өзенге құлап кетті

Өзен
Көрнекі фото: pixabay.com

Өскеменде төтенше жағдайлар қызметкерлері Ертістен су алмақ болып, өзенге батып кеткен әйел адамды құтқарып қалды деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Шығыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, "Самал" саябағының маңында әйел адамның суға батып бара жатқанын байқап қалған куәгерлер көмекке шақырған.

Құтқарушылар оқиға орнына бірден қайықпен жеткен. Төтеншеліктер полиция қызметкерлерімен бірге әйелді жағаға шығарып, оны жедел жәрдем дәрігерлеріне тапсырған.

"Белгілі болғандай, 1960 жылы туған қала тұрғыны өзеннен су алып жатқанда тайып кеткен. Өзенге құлап, 100 метрдей аққан ол жағаға дейін жүзіп жеткенімен судан шыға алмаған. Куәгерлер оны ары қарай ағып кетпес үшін құтқарушылар келгенше ұстап тұрды", - деп хабарлады ведомство өкілдері.

Естеріңізге сала кетейік, өткен жылдың жетінші қарашасында Нұр-Сұлтандағы көпірде селфи жасамақ болған жас жігіттің Есіл өзеніне құлап кеткенін хабарлаған болатынбыз.

Қалалық полиция департаменті баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сәйкес, полицейлерге атыраулық көпірден ер адам секіріп кетті деген хабарлама түскен.

Оқиға орнына жеткен тәртіп сақшылары 22 жастағы ер адамның селфи жасап жатқан уақытта Есіл өзеніне құлап кеткенін анықтаған. Ер адам дене жарақаттарын алмаған, жағалауға өзі жүзіп жеткен екен.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1896242-skemende-ertisten-su-almak-bolgan-jel-zenge-klap-ketti/