RU

Маңғыстаулық полицейлер үйлену тойын ұйымдастырған мейрамхананы анықтады

Маңғыстаудағы карантин кезіндегі той
Видеодан кадр: Polisia.kz

Маңғыстау облысының полицейлері карантин талаптарын елемей, үйлену тойын ұйымдастырған мейрамхананы анықтады деп хабарлайды ІІМ ресми сайты Polisia.kz.

Мұнайлы ауданының аумағында карантин талаптарының сақталуын бақылау бойынша рейдтік шаралар жүргізу барысында полицейлер 350 адам қатысқан тойды тоқтатып, тойхананың иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

"Салтанатты шараны ұйымдастырушыларға қатысты жинақталған материалдары шара қабылдау үшін Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментіне жолданды" , – деп хабарлады тәртіп сақшылары.

Сол күні құрамында әкімдік, прокуратура, тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау бөлімдерінің қызметкерлері бар мониторингтік топ тәртіп сақшыларымен бірге ауданның тағы алты мейрамханасында болып жатқан үйлену тойын тоқтатып, қонақтар үйлеріне қайтарылған.

Айта кету керек, жергілікті кәсіпкерлер адам көп жиналатын іс-шаралар ұйымдастырып, карантин режимін бұзуды тоқтатар емес. Мысалы, 2020 жылдың қазан айында Ақтауда 100 адамға той өткізген мейрамхана иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оған 230 АЕК көлемінде айыппұл төлеуге тура келді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1896248-magystaulyk-policejler-jlenu-tojyn-jymdastyrgan-mejramhanany-anyktady/