RU

Коронавирус: Қазақстандық вакцинаны алған еріктілердің жағдайы қандай

Фото
Көрнекі фото: pexels.com

Жамбыл облыстық жедел штабтың кезекті отырысында аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев вакцинацияға дайындық барысын сұрады деп жазады өңір әкімдігінің ресми сайты.

Жиында өңір әкімінің сұрағына денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев жауап берді.

Оның сөзінше, жамбылдықтарға екі вакцина ұсынылады.

Бірі – ресейлік "Спутник V", ал екіншісі қазақстандық вакцина.

Жаппай вакцинациялау үшін 140 медициналық қызметкердің оқытудан өткені белгілі болды.

Сонымен қатар, Сапарбаев QazCovid-вакцинасын сынақтан өткізу аясында коронавирусқа қарсы вакцина алған еріктілердің жай-күйін сұрады.

"Оларда барлығы жақсы, денсаулығындағы көрсеткіштер қалыпты", - деді Қалиев.

Өңір әкімі вакцинация мәселесін ерекше бақылауда ұстап, бұқаралық ақпарат құралдарын тарта отырып, осы бағыттағы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды.

Сапарбаевтың сөзінше, жаппай вакцинациялаудың маңыздылығын облыстың әрбір тұрғынына жете түсіндіру қажет. Себебі бұның бәрі олардың денсаулығы үшін жасалуда" дейді ол.

Бұдан кейін аймақ басшысы облыс орталығындағы және жағдайы нашар аудандардағы коронавирус бойынша жауапты тұлғаларға жүгінді. Әкімдердің орынбасарлары бұл мәселені бақылауда ұстап, жағдайды жақсарту үшін қолдан келгеннің бәрін жасап жатқандарына сендірді.

Жиын соңында Сапарбаев облыстық ішкі саясат басқармасына коронавирус инфекциясының мәселесі бойынша түсіндіру шараларын күшейтуді, ардагерлер кеңесімен де ынтымақтастықта жұмыс жасауды тапсырды.

Себебі, осы аға буын өкілдері қазір тыйым салынған тойлардан қалмайтынын, бұл олардың денсаулығы үшін өте қауіпті екенін жеткізіп, аймақтағы беделді ақсақалдар оған ықпал ете алатынын атап өтті.

"Расында, тұрғындар босаңсып кетті, содан облысымыз "сары" аймаққа ену қаупінде тұр. Мұның салдары сіздерге белгілі. Қазір әрқайсымыз коронавируспен күреске бар күш-жігерімізді жұмсауымыз қажет", - деді Сапарбаев.

Жаппай вакцинация

Қазақстанда биыл 1 ақпанда жаппай вакцинациялау басталады. Инфекцияны жұқтыру және тарату қаупі жоғары халықтың осал топтарына кезең-кезеңмен ресейлік "Спутник V" вакцинасы егіледі. Вакцинациялау ерікті түрде және тегін салынады.

Вакцина бірінші кезеңде:

Инфекциялық ауруханалар, жедел жәрдем, реанимация бөлімшелері, науқастарды қабылдау бөлмесі, алғашқы медициналық-санитарлық көмек қызметінің медицина қызметкерлері, санитарлық-эпидемиологиялық қызмет жұмысшылары – 2021 жылдың 1 ақпанынан бастап шамамен 100 мың адам;

екінші кезеңде:

жалпы білім беретін мектептер, жоғары оқу орындарының педагогтері, медициналық қызметтің жұмысшылары – 2021 жылдың наурызынан 150 мыңға жуық адам;

үшінші кезеңде:

мектеп-интернаттар, мектепке дейінгі мекемелердің педагогтері, созылмалы аурумен ауыратындар – сәуір айынан бастап 600 мың адам.

Айта кететін жәйт, "Спутник V" 18 жасқа дейінгі балаларға салынбайды. Яғни, екпе Қазақстанның кәмелет жасына толған азаматтарына ғана салынады.

Денсаулық сақтау министрлігі жыл соңына дейін 6 миллион қазақстандыққа вакцина салуды жоспарлап отыр.

Ал 2021 жылдың наурыз айында COVID-19-ға қарсы қазақстандық вакцинамен жаппай егу басталады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1896454-koronavirus-kazakstandyk-vakcinany-algan-eriktilerdi-zagdajy-kandaj/