RU

"Төбеден су аға бастады": Петропавлда бір ай бұрын ғана пайдалануға берілген үйдің сапасы сыр берген

Пәтер25
Көрнекі фото: pixabay.com

Петропавлда мемлекеттік бағдарламамен салынған су жаңа баспанада, жылдар бойы пәтер кезегін күткендер дірдектеп отыр. Тіпті төбе дым тартқан деп хабарлайды Астана арнасы.

Мемлекеттік бағдарламамен үй алған тұрғындардың бірі- Жақыповтар отбасы. Олар 2012 жылдан бері пәтер кезегінде тұрып, бір ай бұрын армандаған баспанаға ие болған.

Алайда жас отбасының қуанышы ұзаққа созылмаған. Отанасының айтуынша, жылу батареялары қанжылы.

Азынаған үйдің ішінде отырып, шиіттей екі баласын ауыртып аламын ба деп қорқады.

"Біз сегіз жыл пәтер кезегінде тұрдық. Бес жыл бойы қаражат жинап келдік. Батареялар үйді жылытпайды. Сосын қосымша электр пештерін сатып алдық. Есесіне электрэнергиясын көп тұтынамыз. Бұдан бөлек, осы күнге дейін ыстық су болмады. Мәселені әлеуметтік желіде жариялаған соң, билік өкілдері келіп оны қосып берді", - дейді Петропавл қаласының тұрғыны Әсел Жақыпова.

Ал бесінші қабатта тұратын тұрғындар шатырдың сапасына шағымданып отыр. Күн жылынса болды қар еріп, жоғарғы қабат су болады екен. Осының кесірінен үйлерін жөндеп жатқандардың, жұмысы тұралап қалған.

"Біз үйде жөндеу жұмыстарын бастадық. Қабырғаларға түсқағаз жапсырып, дәретхана бөлмесінде кафель салғымыз келді. Бірақ төбеден су аға бастады. Салдарынан төбедегі сылақ түсіп жатыр. Енді жұмысымыз тоқтап тұр. Шатырға шығып, өзім жөндейтін шығармын", - дейді тұрғын Алексей Хохлан.

үйй1
Кадр: Астана арнасынан

Жергілікті билік өкілдері баспананың кемшіліктерінен хабардар екенін жеткізді. Шенеуніктер тұрғын үйде анықталған олқылықтардың тізімін құрып, оларды жөндеуге уәде беріп отыр.

"Үйдің жертөлесінде жарылған құбырлар ауыстырылды. Ал шатырға қар желдеткіш арқылы кірген. Оны жабуға болмайды. Қазір біз бетон плиталарының арасын көбікпен бітейміз. Пәтерлердегі барлық олқылықтарды мердігер өз қаражатына жасайды. Тұрғындар бұған ақша шығармайды", - дейді Петропавл қаласы әкімдігінің сәулет және құрылыс бөлімінің бас маманы Ермек Рақымжанов.

Ал бұған қатысты пікір білдірген мердігер компанияның басшысы Ляззат Құспан өз міндеттерінен қашпайтынын айтты.

"Үй тапсырылған кезде міндетті түрде кемшіліктер болады. Екі жыл кепілдік сол үшін беріледі. Үйге тапсырыс берген қалалық әкімдіктен бізге бір де бір жолдама келіп түскен жоқ. Тұрғындардың барлық өтініштерін өзіміз орындап жатырмыз. Өз міндетімізден бас тартып отырған жоқпыз", - дейді ол.

Жауапты тарап бір-екі аптаның ішінде барлық олқылықтарды жоятынын атап өтті.

А. Құрманкин

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1896480-tbeden-su-aga-bastady-petropavlda-bir-aj-bryn-gana-pajdalanuga-berilgen-jdi-sapasy-syr-bergen/