RU

"Белден лай болады": Шымкенттіктер қыстың ортасында батпаққа батып, жол азабын тартуда

лай балшық2
Кадр: Астана арнасынан

Шымкентте тұрғындар қыстың күні батпаққа батуда. Жол азабын тартып отырмыз деген Солтүстік саяжай шағын ауданының халқы асфальтты армандамайды деп хабарлайды Астана арнасы.  

Зейнеп Әбілдаева қалалық болғанмен күніміз ауыл халқынан әрі деп күйінеді. Он жыл бұрын Солтүстік саяжай шағын ауданынан баспана тұрғызған әжей, содан бері жол азабынан құтыла алмай жүргеніне наразы.

Бұл аумақтағылар құдайдың қара тасына зармыз дейді. Болмаса үйлері үлкен жолға тиіп –ақ тұр екен.

"Немерелеріміз балшыққа батады. Мектепке барып келгенше жарты белден лай болады. Күнімен соның лайын тазалап келіндеріміз ығыры шықты", - дейді Зейнеп Әбілдаева.

"Менің өзімнің денсаулығым жоқ. Жүрегімде клапан, жедел-жәрдемді екі күннің бірінде шақырам, сахарым бар. Жедел жәрдем келе алмайды. Келмейді. Немесе түсіп қалады да бері қарай жаяу келеді", - дейді тағы бір тұрғын Гүлжамал Тантабаева.

Қыстағы жылы күнді қоспағанда, көктем мен күз келсе болды солтүстік саяжайлықтар жол азабын тартып, жүру мүмкін болмай қалатынын айтады.

лай
Кадр: Астана арнасынан

Тұрғындардың жергілікті атқамінерлерден қарапайым шағал тас төсеп беруді сұрап жүргеніне он жылға таяпты. Балшыққа батқан жұрт әсіресе мектепке баратын балалары қиналып жүргенін айтады.

Батпақтан қорғаныштары әзірге полиэтилен қалташалары. Оның өзі орта жолда жыртылып жатады дейді тұрғындар.

"Үш бала-шағам мектепке барады. Аяқ киімдері лай болып, балшыққа түсіп, мұғалімдер сөйлейді. Ол да проблема. Күнде жуа беріп аяқ киім де шақ келмейді. Аяқ киімнің өзі де 10 мың теңгеден. 5 мың теңгеге аяқ киім ала алмаймыз", - дейді тұрғын Назира Хасанова.

Шағын ауданда газ бен жарық та, су мәселесі де өзекті. Айнала батпаққа айналған соң әкімдік есебінен тегін су жеткізетін көлік те қатынамай қойған.

"Ешкім келгісі келмейді. Батып қалады", - дейді Ақмоншақ Пірәлі.

Ал тұрғындардың шағымына қатысты жауап берген жергілікті атқамінерлер бұл аумақтың мәселесінен хабардар екенін айтты.

"Қала әкімі Мұрат Дүйсенбекұлы бұл мәселеден хабардар, бақылауында ұстап отыр. Мердігер мекеме анықталады. Менің өзімнің ойымша сол мамыр айынан бастап құдай қаласа қолға алынады деп ойлап отырмыз", - дейді Абай ауданы әкімінің орынбасары Нұрлан Тілеш.

Оның өзінше, 14 көшеге, 9,5 шақырымға тас төселеді деп жоспарлануда. Сонымен қатар ол Солтүстік саяжайдың жарық пен ауыз суы да жыл соңына дейін шешілетінін жеткізген.

А. Төребекқызы

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1896505-belden-laj-bolady-symkenttikter-kysty-ortasynda-batpakka-batyp-zol-azabyn-tartuda/