RU

Дәретханасы жоқ мектептер мәселесі қашан шешіледі: Министр жауап берді

Әжетхана
Фото: "Ақ Жайық"

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов журналист Нартай Аралбайұлына берген сұхбатында мектептердің бәрі жылы дәретханамен қамтамасыз етілетінін мәлімдеді.

Асхат Аймағамбетов кей мектептерде жылы дәретхананың жоқ болуына қатысты мәселенің қалай шешіліп жатқанын айтып берді.

"Біздің елімізде 2700 мектепте дәретханалары далада болды. Мемлекет басшысы осы мәселені шешуді бізге тапсырма етіп бергенде, көбі күмәнданды. Бір жылдың ішінде үкімет жергілікті әкімдіктермен бірлесіп, 2700 мектептің 2550-інің мәселесін шешті. Енді қалған 150-і қалды. 150 мектептің дәретханалары бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз. Құдай қаласа биылғы жылдың жазына дейін бұл мектептердің де дәретханаларын іске қосамыз", - дейді ол.

Еске салсақ, бұған дейін Білім және ғылым министрі өзіне "шабуыл жасап жатқандар" туралы ағынан жарылған еді.

Одан бөлек, Асхат Аймағамбетов алдағы ҰБТ қалай өтетінін айтып берді. Министр әр баланың тест тапсыруына ыңғайлықтар қарастырылғанын алға тартты.

"Баланың таза істеп отырғанын тексеретін проктеринг жүйесіне қосылған компюьтерде тестін тапсырып болғаннан кейін, ол жедел өзінің алған ұпайын біледі. Тапсырғанға ыңғайлы етіп, сұрақты алдыға өткізіп жіберуге немесе сұраққа қайтып келуіне болады, калькуляторы да бар. Калькуляторды басып, оны қолдану деген сияқты, оның да өз артықшылықтары бар", - дейді БҒМ басшысы.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1896548-ajmagambetov-drethanasy-zok-mektepterdi-mselesi-kasan-sesiletinin-ajtty/