RU

Қазақстанда америкалық Pfizer вакцинасы қашан қолжетімді болады

Вакцина
Фото: US Secretary of Defense

Коронавирусқа қарсы Pfizer вакцинасы Қазақстанда 2021 жылдың екінші жартысында пайда болуы мүмкін. Бұл туралы Денсаулық сақтау вице-министрі - Қазақстанның бас мемлекеттік санитар дәрігері Ерлан Қиясов айтты деп хабарлайды Қазақпарат.

Журналистермен сұқбат кезінде бас санитар дәрігерге "Америкалық Pfizer вакцинасы Қазақстанға қолжетімді бола ма?" деген сауал қойылған.

Осы орайда Қиясов Pfizer вакцинасы қазақстандықтарға екінші жартыжылдықтан кейін қолжетімді болуы мүмкін екенін жоққа шығармады.

Оның сөзінше, Pfizer компаниясымен алдын ала уағдаластықтар бар, меморандум бекітілген, егжей-тегжейлі сұрақтар келіссөздер деңгейінде.

"Бір айта кетерлігі, өздеріңіз жаңалықтардан байқағандай, Pfizer вакциналары жетпей жатыр, компанияның өзге елдер алдындағы міндеттемелері әлі шешілмеген мәселе болып тұр. Ол вакцина -70 градуста сақталуы керек, барлық тетіктері әлі талқыланады", - деді бас санитар дәрігер.

Қиясов өз сөзінде уақыт жоғалтып алмауды айрықша атап өтті.

"Дәл қазір уақыттың бізді күтпейтінін түсіну керек, сондықтан қолда бар мүмкіндікті пайдалану қажет. Барынша көп адамды қамту үшін бұл науқанды барынша ертерек бастаған жөн", - деді бас санитар дәрігер.

Бүгін, 1 ақпанда Қазақстанда коронавирусқа қарсы жаппай вакцинация басталды. Екпені алғашқылардың бірі болып бас мемлекеттік санитар дәрігер Ерлан Қиясов пен денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният салдырды.

Бас санитар дәрігер екпеден кейінгі жағдайымен бөліскен. Қиясовтың айтуынша, вакцина салдырғаннан кейін жайсыздық сезінбеген.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1896645-kazakstanda-amerikalyk-pfizer-vakcinasy-kasan-kolzetimdi-bolady/