Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Қызылорда аруы" атанған бойжеткен дәмханада ыдыс жуып жүрген видеосына қатысты пікір білдірді

Опубликовано:

Фото
Фото: Ашық дереккөздер

Өткен аптада әлеуметтік желіде "Қызылорда аруы-2017" атанған Гүлнұр Нұртазаның дәмханалардың бірінде ыдыс жуып жүрген видеосы тараған болатын. Осыдан кейін кейбір алаяқтар бойжеткеннің атынан фейк аккаунт ашып, қаражат жинамақ болған. Гүлнұр досы түсірген видео осыншалықты қатты тарап кетеді деп ойламаған. Azattyq Rýhy сайтына сұхбат берген ару видеоны желіге кім салғанын білмейтінін айтады.

Гүлнұрдың сөзінше, ол жаңа жылдан бастап Алматыдағы дәмханалардың бірінде ыдыс жуып, аспаз көмекшісі болып жүр.

Айтуынша, Instagram парақшасын "Қызылорда аруы" атанған кезде ашқан. Дегенмен желі қызықсыз болып кеткен соң жарты жылдан кейін барлық суреттерін өшіріп, аккаунтын жауып тастаған.

Ал дәмханада жұмыс істіп жүрген сәтінен видеоны сол жерде бірге істейтін досы ортақ таныстары бар чатқа жіберген екен. Алайда әрі қарай оны желіге кім салып жібергені белгісіз.

Гүлнұр дәмханадағы жұмысына дейін модельдік агенттікте, сән көрсетілімдерінде жұмыс істеген.

"Әлемді жайлаған індет кесірінен ол жақтағы жұмысымыз тоқтап қалды. Сонымен пәтерақым, күнделікті жолым мен тамағыма ақша табу керек болды. Одан бөлек, оқу ақысына деп ақша жинап жатқан едім. Алматыдағы университеттердің бірінде сырттай экономист мамандығы бойынша оқып жатырмын. Биыл төртінші курстамын (соңғы курс), оқу ақысы жылына - 700 мың теңге.

Дәмханада ыдыс жуып, бас аспазға көмектескенім үшін күніне 10 мың теңге аламын. Мен сияқты 20 жастағы қыз үшін бұл жақсы табыс. Карантин аяқталған соң, қайтадан модельдік жұмысыма ораламын. Ең бастысы, бұл уақытша болатын қиындық қой", - деді бойжеткен.

Гүлнұр отбасындағы жалғыз қыз. 15 жасында әкесі жүрек талмасынан, өткен жылы қыркүйекте анасы коронавирустан қайтыс болған.

Оның сөзінше, үйлерін банк алып қойған, туыстарымен жақын араласпайды.

"2017 жылы Қызылорда аруы атанғанымда әкемнің туыстары хабарласып, құттықтаған. Содан бері осы видео тарағаннан кейін ғана жағдайымды сұрады. Нағашыларыммен де хабарласпай кеттік. Ата-анамның көзі тірісінде туыстарыммен жақсы араласатынбыз, қонаққа барып, ауылға әжеме де барып тұратынмын. Әркімнің өз отбасы, өз жұмысы бар.

Ешкімнің мойнына масыл болғым келмейді. Қазақта "Есектің артын жусаң да, мал тап" деген сөз бар емес апе?! Мен өз еңбегіммен ақша табудан ешқашан ұялған емеспін, ұялмаймын да. Біреуге қол жайып, жастығыммен, сұлулығымды саудаға салғаннан гөрі, өз жолыммен жүргенім дұрыс деп білемін", - дейді Гүлнұр Нұртаза.

Фото
Фото: Гүлнұр Нұртазаның әлеуметтік желідегі жеке парақшасы

Гүлнұр осыған дейін істеген жұмыстарында отбасылы ер адамдарды кездесуге шақырғанын да жоққа шығармады.

"Даяшы да болдым, одан кейін сауда-саттықпен айналысатын компанияда менеджер болып істедім. Жұмыс істеген жерлерімдегі жоғары лауазымды отбасылы ер кісілер шайға, кездесуге шақырады. Бәлкім, жас, бойдақ қыз болғаннан кейін сынап көргісі келетін шығар. Менің тәрбием ондай нәрсені қабылдай алмайтындықтан, жұмыстан шығуыма тура келді. Желіде кейбіреулер "Сен өзің солай ұсыныс жасауға мүмкіндік берген боларсың" деп жатыр.

Бірақ дайректке бірнеше қыз жазып, жұмыстан бөлек басшылары кездесуге шақыратынын, сол себепті жұмыстан кетуге мәжбүр болғандығын жазып жатыр. Менің ойымша, бұл жалғыз менің басымнан өтіп жатқан оқиға емес. Қыз бала өзін қаншалықты тәрбиелі ұстаса да, көңілге келетін ұсыныс жасаушылар бар.

Маған хат жазған қыздардың көбі өздері ешқандай себеп бермегенін айтуда. Кейбір мекемелерге орыс тілін білмегендіктен жұмысқа тұра алмадым. Біраз жерде өз қазақтарымыздың қазақ тілін түсінбей, мен орыс тілін түсінбей қалатын сәттер болды. Мені қазақтың қазақпен өзге тілде сөйлегені қынжылтады. Бұл жағдай елімізде өзгереді деп сенемін, ал өзім орыс тілін меңгеруге күш саламын", - дейді ол.

Гүлнұр видеоны "хайп" үшін желіге салды деп сынағандарға да жауап берді.

"Көпшілік мені видеоны "хайп" үшін таратты деп жатыр. Ол ешқандай хайп емес, кездейсоқ тарап кеткен видео. Өзімді ерлік жасадым деп санамаймын. Мен сияқты қаншама қыз-келіншек бала-шағасын асырау үшін таңнан кешке дейін қара жұмысқа жегіліп жүр. Карантинде талай танысым жұмысын ауыстырып, басқа салада еңбектеніп жатыр. Бұған таңғалатын ештеңе жоқ.

Шынымды айтсам, желідегі түрлі пікірлерден соң басылып қалдым. Қазір дәмханадан басқа жерде жұмыс қарастырып жатырмын. Қыздармен қаланың ішінде пәтер жалдап тұрамын. 15 жасымда әкем жүрек ауруынан өмірден өтті, ал өзім нақты емханаға қаралып, ем алған емеспін.

Алматыда емханаға қаралуға қаражат жағынан мүмкіндігім болмады. Мұрнымнан қан кетіп, талып қалатыным сол әкемнен берілген болар. Әлеуметтік желіде тараған видеодан соң, кейбір алаяқтардың менің атымнан фейк парақша ашып жатқанын көрдім. Содан өзімнің ресми парақшамды қайта іске қостым", - деді бойжеткен.

Сөз соңында Гүлнұр өзіне қолдау көрсеткен барша қазақстандықтарға алғысын айтты.

"Қолдау білдіріп жатқан әрбіріңізге алғысым шексіз! Сонау Америкадан Димаш Ниязов ағамыз пікірін білдіріп, қолдауын көрсетіп жатыр. Қайрат Құдайберген мырзаға рақмет! Бүгінгі таңда жеке шотыма 200 мың теңгедей жиналды. Біреулер 100, енді біреулер 300 теңгеден жіберіп жатыр. Алла жазса, осының бәрін оқуымның ақшасын жабуға жұмсаймын", - дейді бойжеткен.

Еске сала кетсек, осыған дейін әлеуметтік желіде "Қызылорда аруы" атанған 20 жастағы Гүлнұр Нұртазаның дәмханада аспаз және ыдыс жуушы болып жүрген видеосы тарап кеткен болатын.

Кейінірек оның жақын құрбысы бұл видеоға қатысты пікір білдірген еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1896684-almajmyn-dmhanada-ydys-zuyp-zrgen-kyzylorda-aruy-kazirgi-zagdajy-turaly-ajtty/

pixel