RU

Петропавлда күдікті құны жарты млн теңге тұратын алқаны тағып көру үшін сұрап алып, қашып кеткен

Полиция
Көрнекі фото: polisia.kz

Петропавлда жедел уәкілдер ломбардта ұрлық жасаған күдіктіні тез арада қолға түсірді деп хабарлайды Polisia.kz сайты.

Басылым ақпарынша, полицияға ломбард қызметшісі жүгінген.

Ол 29 қаңтар күні белгісіз азамат 555 600 теңгеге сатылымға қойылған салмағы 26,24 грамм алтын алқаны тағып көру үшін сұрап алып, қаша жөнелгенін хабарлаған.

Петропавлдық жедел уәкілдер күдіктіні бірден анықтады. 20 жастағы қала тұрғыны бұрын мүліктік қылмыс жасағаны үшін істі болған және ұрлық жасағаны үшін іздеуде жүрген екен.

Ол 30 қаңтарда жедел-іздестіру шаралары барысында таныстарының үйінде ұсталған. Қазір уақытша ұстау изоляторында отыр.

Полицияның мәліметінше, қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын белгілеу мәселесі қарастырылып жатыр. Аталған факті сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне Қылмыстық кодекстің 191-бабы (Тонау) бойынша енгізілген.

Күдікті олжасын басқа ломбардқа өткізіп жібергені анықталды.

"Қаңтар айында облыс бойынша алты тонау фактісі тіркелді. Бейнебақылау жүйесі осындай қылмыстардың алдын алудың сенімді құралы және аталған жағдайдағыдай жедел уәкілдерге қылмысты ізін суытпай ашуға көмектеседі", – дейді СҚО полиция дептраменті криминалдық полиция басқармасының бастығы Петр Климов.

Айта кетейік, осыған дейін Жезқазғанда қайтыс болған ер адамның ұялы телефонын ұрлап, оған үш шағын несие рәсімдеген екі криминалист сот алдына келген болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1896758-petropavlda-kny-zarty-mln-tege-tratyn-altyn-alkany-rlagan-kdikti-staldy/