Қазақстандық шахматшы ең жас халықаралық шебер атағына ие болды

Опубликовано:

Шахматтан әлемнің үш дүркін чемпионы, 11 жасар алматылық Жансая Әбдімәлік халықаралық шебер атағына ие болды. 

Осының арқасында Жансая Гиннестің рекордтар кітабына ең жас гроссмейстер ретінде енуі мүмкін. 

Ал кеше танымал университет оған оқу грантын тапсырды.

11 жасар Жансаяның есімі бүгінгі күнде көпке танымал.

Алдына мақсат қоя білетін қыз Польшадағы жарыста ұтып, үшінші рет Әлем чемпионы атанды.

Жуырда Индонезияда өткен 20 жасқа дейінгі қыздар арасындағы халықаралық турнирде топ жарып, халықаралық шебер мәртебесін алып, рейтингін көтерді. 

Жансая Әбдімәлік, Шахматтан әлемнің үш дүркін чемпионы:

- Халықаралық гроссмейстер атанатын күнде алыс емес. Қарсыластарым сескенеді. Балалар көбіне рейтингтегі орның мен атағыңа қарайды. Кейбір қыздардың іші мен басы ауырып кетеді. Олар жеңілгенін мойындап, орнынан тұрып кете барады. 

Шахмат ханшайымы Гиннестің рекордтар кітабына енуі мүмкін. Бұған дейін халықаралық шебер атағына мысырлық қыз 11 жас 7 айында қол жеткізсе, Жансая одан екі айға кіші екен. Жеткіншекті еңбекқорлығы мен ерік-жігері алға жетелеп келеді.

Ақпан айында Сингапур шахмат академиясы бір жылдық грант бөлген. Оны қытайлық гроссмейстер жаттықтырады. Бүгін Қазақстан-Британ техникалық университеті 11 жасар чемпионға білім грантын тапсырды.

Бұған қоса университет шахматшының жарыстарға қатысуына да қолдау көрсетеді. Жансаяның ендігі арманы 12 жасында гроссмейстер атану. 

Алма Әшірова, Жансаяның анасы:

- Гроссмейстер болу үшін Жансая үш үлкен турнирге қатысу керек. Сол жерде гроссмейстрлермен ойнап жартысын ұтып, жартысын ұтылса да болады. Сол кезде гроссмейстер атағын алады. Немесе, Әлем чемпионаты 20 жасқа дейін. Біздің чемпионымыз Дәрмен Сәдуақасов сияқты сол жерде алтын медаль алса. 

Жақын күндері Сингапурге оралып, сабағын жалғастыруға тура келеді. Қараша айында Бразилияда өтетін тағы бір Әлем чемпионаты күтіп тұр. Жансаяның бапкері әрі әкесі Данияр Әшіров қызын ержүрек шахматшы санайды. Жансая әр ойынға үлкен дайындықпен келеді, асқан жауапкершілікпен қарайды. 

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/189676-kazakstandyk-shahmatshy-en-zhas-halykaralyk-sheber-atagyna-ie-boldy/