Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Елордада вакцина алуға дәрігерлердің барлығы бірдей келіспеген болып шықты

Опубликовано:

Фото
Көрнекі фото: pexels.com

Нұр-Сұлтандағы дәрігерлердің барлығы екпе алуға келісіп жатқан жоқ. Алғашқы кезеңінде қалада жоспармен 6 мыңнан астам дәрігер ресейлік вакцинаны салдыруы тиіс болған. Біреулер денсаулық жағдайын алға тартса, кейбірі наурыз, сәуір айына дейін күте тұруды жөн санапты деп хабарлайды КТК арнасы.

Вакцина салдыру ерікті түрде жүргізіліп жатқандықтан, оны қабылдаудан бас тартатындардың қарасы әлі де көбеюі мүмкін. Нұр-Сұлтан қаласында жыл соңына дейін 735 мың адамға вакцина салдыру жоспарлануда. Оның ішінде ақпан айының басынан наурыз айына дейін 6300 медицина қызметкеріне екпе салу жоспарланған.

Алайда қалалық денсаулық сақтау басқармасының бұл жоспары іске аспай қалуы ғажап емес. Вакцина 18-65 жас аралығындағы тұрғындарға салынады. Егер тұрғында вакцинаға медициналық қарсы көрсеткіші болса немесе коронавирустың симптомсыз ауыр түріне шалдықса – оған вакцина салынбайды.

Коронавирус жұқтырғандармен байланыста болғандар және жұқпалы ауруға шалдыққандар да карантин біткеннен кейін ғана вакцина салдыра алады.

Вакцина құрамындағы заттардың бірі сізге жақпайтын болса, анамнезіңізде ауыр аллергиялық әсер болса, аяғыңыз ауыр немесе емізулі балаңыз болса да вакцина салынбайды.

Мұндай жағдайлар вакцинаны бірінші болып қабылдайды деген ақ халаттылардың өз арасынан да табылып жатыр.

"Бірқатар медицина қызметкері онкологиялық және сол секілді ауруы болуына байланысты бас тартып отыр. Олардан бөлек, бірқатар әйел қауымы бала көтергісі келетінін айтып салдырғысы келмеді. Бас тартқандардың бір парасы әзір қоя тұрып, наурыз-сәуірде салдыруды құп көреді", - дейді Нұр-Сұлтан қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Әлия Рүстемова.

Вакцина салдырмайтындардың қатарында елорданың бас санитар дәрігері де бар болып шықты. Сарқыт Бейсенова екпе салдыруға бірнеше қарсы көрсеткіші бар болғандықтан, бұл шараны кейінге қалдырыпты.

Вакцина қабылдағаннан кейін үш күн бойы жақсы күтіну керектігі ескертілді. Әсіресе ішімдік пен темекіні доғара тұру маңызды. Мұның бәрі арнайы ескертпе қағазда толық жазылған.

"Үш күн алкогольдік ішімдік ішуге болмайды. Оған қоса ыстық жерге, буға түсуге болмайды, соның бәрін түсіндіріп айтамыз. Және суық тигізуге болмайды. Қазір алдыңызда отырмын. Бүгін таңертең сағат 10-да вакцина алдым. Хал-жағдайым жақсы. Маған да сондай түсініктемелер берді", - дейді Нұр-Сұлтан қаласы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратов.

Ақ халаттылар екпе салған жер қызарып сәл ауырса, уайымдаудың қажеті жоқтығын айтуда. Ал ыстығыңыз қатты көтеріліп жатса, дереу дәрігерге қаралу керек.

Еліміздің бас санитар дәрігері Ерлан Қиясовтың сөзіне сенсек, бір вакцинаның құны 11 мың теңгеге жетеді. Алайда елімізде вакциналау – тегін. Бұл мақсатқа бюджеттен 50 миллиар теңгеден астам қаражат бөлінеді. Ал Нұр-Сұлтанда 735 мың адамға екпе салу үшін 3 миллиард теңгеге жуық қаражат қарастырылған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1896824-elordada-vakcina-aluga-drigerlerdi-barlygy-birdej-kelispegen-bolyp-sykty/

pixel