Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Атырауда кісі өліміне күдікті жедел жәрдем жүргізушісінің туыстары тергеудегі бұрмалауды әшкереледі

Опубликовано:

Полиция түнде
Көрнекі фото: Getty Images

Атырауда кісі өліміне әкеп соққан жол-көлік оқиғасына қатысы бар жедел жәрдем жүргізушісінің туыстары БАҚ-тан көмек сұрады. Олар тергеудің әділ өткеніне күмән келтіруде. KAZ.NUR.KZ редакциясына жазған оқырман тергеу материалындағы оқиғаға дәлел видеоның бір жарым минуты қиылып тасталғанын айтады. Жедел жәрдем жүргізушісінің әйелі тергеп-тексеру кезінде жолда жатқан кісіні күйеуінен бұрын екі көлік басып өткені анықталса да, оған кісі өлімі айыбы тағылып отырғанын жеткізді.

Оқиғаның қалай болғанын қазір үй қамақта отырған жедел жәрдем жүргізушісі Асқар Мұқашевтің әйелі айтып берді.

Қаламқас Бердиеваның сөзінше, күйеуі Асқар Мұқашев 2018 жылдан бері қаладағы № 3 емханада қызмет етіп келген. Былтыр көктемде Атырауда енгізілген қатаң карантиннің бірінші күні күйеуі түнгі ауысымда жұмыс істеген.

"Жолдасымның айтысы бойынша 29-наурыздан 30-на қараған түні шамамен таңғы сағат төртте шақыру түскен. Фельдшер екеуі қала ішіндегі үлкен тас жолда рұқсат етілген жылдамдықпен кетіп бара жатып, қарсы бетте тоқтап тұрған БМВ көлігін көрген. Ол БМВ автокөлігі алысқа түсіретін шамын жағып, белгі бергенін айтты. Жарық көзіне шағылысқан болуы керек. Күйеуім жолда жатқан адамның денесін байқамай, өтіп барып тоқтаған. Дереу жанындағы фельдшер жаяу жүргіншінің пульсін қараған. Алайда тіршілік белгісі байқалмаған", - дейді Қаламқас Бердиева.

Тергеу кезінде жолда жатқан жаяу жүргіншіні Асқар Мұқашевтан бұрын екі көлік басып өткені анықталған. Оқиға жолдың қарсы бетіндегі азық-түлік дүкенінің бейнекамерасына түсіп қалған.

Асқар Мұқашевтың әйелі сол бейнежазбаның негізгі дәлел ретінде тіркелгенін жеткізді. Алайда олар тергеу материалындағы видеоны не үшін кесіп тастағандарын түсіне алмай дал.

"Жол-көлік оқиғасынан соң екі ай өткенде күйеуіме жүргізуші куәлігін полиция қайтарып берді. Асқардан бұрын екі бірдей көлік марқұмды басып кеткені белгілі болды. Оқиға толығымен жолдың қарсы бетіндегі дүкеннің бейнебақылау камерасына жазылып қалған. Ал былтыр күзден бері тергеушілер күйеуімді осы оқиғадағы кісі өліміне басты күдікті деп танып отыр. Тергеу материалымен танысқанда кездейсоқ видеоның бір жарым минутын кесіп тастағанын байқадық.

Толық бейнежазбасымен салыстырсақ, жедел жәрдем көлігінен бұрын жол ортасында жатқан кісіні екінші болып басып өткен автокөлік жоқ. Түсі ақ автокөлік те, жаяу жүргіншіні бірінші болып қаққан Mazda көлігінің жүргізушісі де оқиға орынынан дереу ізін суытқан. Тергеушілер видеодан екінші көлікті кесіп тастау арқылы сол жүргізушіні таба алмаған ба, әлде бізден бірнәрсені жасырып қалғысы келді ме, ол жағы белгісіз", - дейді Асқардың туған қарындасы Гүлназия Мукашева.

Асқар Мұқашевтың туыстары тергеудің әділ өткеніне күмән келтіріп отыр. Олардың айтуынша, оқиға орынынан ізін суытқан екінші автокөліктің жүргізушісі тергелмеген. Асқардың жақындары сот медициналық сараптамасының қорытындысын мәлім етті.

"Жол-көлік оқиғасы салдарынан қайтыс болған жаяу жүргінші сот-медициналық сараптамасы бойынша барлық дене жарақатын бірінші қағып өткен автокөлік салдарынан алғанын көрсетті. Адам екінші автокөлік басып өткен кезде ғана қайтыс болған деп жазылған.

Бірақ видеоға сүйенсек, екінші болып қаққан автокөлікті қиып тастап, оның орнына жедел жәрдем көлігін екінші басып өткен деп қойып отыр. Полиция ешбір құжатта ақ түсті автокөлік туралы көрсетпеген, жүргізушісін іздеп-тапқандары, оның кім екені туралы мәлімет жоқ. Біздің айтпағымыз, жол-көлік оқиғасында адамды бірінші болып қаққан Mazda жүргізушісі, екінші болып басып өткен ақ түсті автокөлік жүргізушісі заң жүзінде тергелсін, тиісті жазасын берсін, нағыз кінәлі адамдарды жауапқа тартуын сұраймыз", - дейді Қаламқас Бердиева.

Қаламқас Бердиева үйқамақта отырған күйеуінің жауапкершіліктен қашпайтынын алға тартты. Айтуынша, жол-көлік оқиғасы болған түні оның күйеуін полиция ұстамаған. Тек оқиғадан жеті-сегіз ай өткенде оған кінә артылып отырғаны белгілі болды.

Бұ мәселе бойынша KAZ.NUR.KZ редакциясы Атырау қаласы Полиция департаментіне жүгінді.

Департаменттің баспасөз хатшысы тілші сауалына аталған жол-көлік оқиғасындағы жаяу жүргіншінің (марқұмның) үстінен екінші болып (бейнежазбадағы ақ көлік) басып өткен көлік жүргізушісі табылғанын айтады.

"Жаяу жүргіншіні екінші болып басып өткен көлік жүргізушісі тергеліп, іс материалына тіркелді. Іс сотта жатыр", - деп жауап берді Атырау қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1896910-atyrauda-kisi-limi-sin-ajyptalyp-zatkan-zedel-zrdem-zrgizusisini-tuystary-tergeudegi-bylykty-skereledi/

pixel