RU

Өскеменде ұнап қалған қызды қарата алмаған жігіт ойға кіріп-шықпайтын әрекетке барған

жігіт12
Көрнекі фото: pixabay.com

Өскеменде ер адам жауапсыз махаббаты үшін қасақана қылмыс жасады деп хабарлайды Алтайньюс.

Басылымның мәліметінше, қала тұрғыны қызбен танысқаннан кейін оны ұнатып, "қырындап" жүреді.

Бірақ қыз жігіттің сезіміне жауап беруден бас тартса керек. Алайда, сүйгенінен бас тарта алмаған жігіт қыздың Instagram-дағы парақшасын, оған жазылушыларды бақылап отырып, бір ер адаммен шетелде түскен суретін көреді.

Өзінің жауапсыз махаббатын қызғанған жігіт "қарсыласына" зиян келтіру жолдарын ойластырады.

Сөйтіп алдымен телефон мен нөмір алып сол жігіттің атына тіркейді. Кейін тіркелген нөмір арқылы учаскелік инспекторға сауда үйінде бомба қойылғаны туралы хабарлама жібереді. Артынша телефон мен сим-картаны өзенге лақтырып жіберген.

"Ол сотта өзінің кінәсін толығымен мойындап, ісіне өкінетінін жеткізді. Сот оны кінәлі деп танылып, 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу туралы жаза тағайындады. Егер кінәлі бас бостандығын шектеу туралы жазадан қасақана жалтаратын болса, бас бостандығынан айыру жазасымен алмастырылады", - дейді пробация қызметінің инспекторы Гүлжан Байдақпаева.

Айта кетейік, бұған дейін бұрынғы әйелінің мазасын алған Өскемен тұрғыны 300 сағатқа қоғамдық жұмыстарға тартылғаны хабарланған еді.

Қазір ол қоғамдық орындарда қоқыс пен қар тазалап жүр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1896983-skemende-nap-kalgan-kyzdy-karata-almagan-zigit-ojga-kirip-sykpajtyn-reketke-bargan/