RU

БҚО-да "Нұрлы жер" бағдарламасы бойынша бөлінген жарты млрд теңге жымқырылған

Ақша
Көрнекі фото: NUR.KZ

Батыс Қазақстанда "Нұрлы жер" мемлекеттік бағдарламасы бойынша Оралдағы тұрғын үй ауданын электрмен жабдықтау үшін бөлінген жарты миллиардтан астам теңгенің жымқырылғаны белгілі болды. Бұл туралы Қаржы мониторингі агенттігінің баспасөз қызметі хабарлады деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Агенттік қызметкерлері бюджеттен "Нұрлы жер" бағдарламасы бойынша бөлінген 540 млн теңгеден астам қаражаттың қолды болғанын анықтаған.

Ведомствоның мәліметінше, бұл қаражат Оралдағы тұрғын үй аудандардың бірін электрмен жабдықтау мәселесін шешу үшін бөлінген.

"Тергеу мүдделеріне қатысты басқа ақпарат жария етілмейді", - дейді Қаржы мониторингі агенттігі.

Айта кетсек, 2020 жылы ведомство қызметкерлері бюджет қаражатын жымқыру дерегі бойынша 309 қылмыстық іс қозғаған.

Еске сала кетейік, бұған дейін Алматы облысы білім басқармасының басшысы Майгүл Омарова мен білім саласындағы өңірлік ақпараттық технологиялар ҒӨО директоры Арапби Меңлібаевтың ұсталғаны белгілі болды.

Сонымен бірге Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің басшысы Алик Шпекбаев өткен жылы пандемияға байланысты жүздеген қылмыстық іс тіркелгенін айтқан еді.

Оның сөзінше, соның тең жартысы – дағдарысқа қарсы бюджет қаржысын жымқыру.

Сондай-ақ Алматыда "Қасым хан" туралы тарихи туындыға бөлінген 29,9 миллион теңгенің де қолды болғаны хабарланған еді.

Киножобаның бұрынғы директоры 2 жылға бас бостандығынан айырылды. Оның екі сыбайласы 3 жылға бас бостандығынан шектелген.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1897071-bko-da-nrly-zer-bagdarlamasy-bojynsa-blingen-zarty-mlrd-tege-rlangan/