RU

Павлодарда 17 жастағы қыз антисептиктен уланып көз жұмды

Көрнекі
Көрнекі фото: pexels.com

Павлодарда уланған үш қыздың біреуі көз жұмды. Оқиға қиын жағдайға тап болған балаларды қолдау орталығында болған деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Бұл ақпаратты Павлодар облысы денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Эльмира Темірғалиева растап отыр.

Басылым мәліметінше, 17 жастағы қыз 2 қаңтар күні сағат 18.30-да жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізілген. Оған белгісіз заттан улану, ми ісінуі диагнозы қойылғаны белгілі болды. Интенсивті терапия жасалды.

Алайда кешкі сегізде қыздың жүрегі тоқтап қалған. Жарты сағат бойы реанимациялық шаралар жасалды, бірақ еш нәтиже бермеді. 

"Дәл осы күні сағат 21.40-та облыстық балалар ауруханасына дәл осы орталықтан тағы екі қыз түсті. Екеуі де 2004 жылы туған. Улану диагнозы қойылды, олар 14 қаңтарда ауруханадан шығарылды", - делінген ақпаратта.

Қыздардың сөзінше, 1 қаңтар күні кешкі 20.30-да үшеуі 2,5 стакан "Антисептик - МД-1" мен су араластырып ішкен. Түн тыныш өтіпті. Алайда таңертең құсқысы келген. Медицина қызметкерлері мен тәрбиешілер жағдайдан бейхабар болыпты. 

Тәртіп сақшылары болжамдарының біріне сәйкес, олар өз-өзіне қол салуға әрекет жасаған. 

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің ақпараты бойынша қылмыстық кодекстің 105-бабы ("өз-өзіне қол салуға итермелеу") және 371-бабына ("салғырттық") сәйкес, сотқа дейінгі тергеу басталды. 

Бірінші баппен кінәлі деп танылғандар үш жылдан сегіз жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Екінші бап бойынша 4 мың айлық есептік көрсеткішке дейін (11 668 000 теңге) айыппұл қарастырылған. Сондай-ақ, 4 жылға дейін сотталуы мүмкін.

Айта кетсек, бұған дейін бұл оқиға жайлы облыстық ресми органдары жариялаған жоқ.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1897128-pavlodarda-17-zastagy-kyz-antiseptikten-ulanyp-kz-zmdy/