RU

Депутат Қазыбек Иса мемлекеттік тілдің қолданылуына қатысты Үкіметке ұсыныс жасады

Қазыбек Иса
Қазыбек Иса. Фото: qazaquni.kz

Бүгін парламент мәжілісінің жалпы отырысында депутат Қазыбек Иса үкіметке сауал жолдап, онда мемлекеттік тілдің барлық салада қолданылуына қатысты ұсыныстарын жариялады деп хабарлайды ҚазАқпарат.

"Қазақстан президенті болып сайланғанда "Ең бастысы – Қазақ тілі" деп мәлімдеген Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан Халқына жасаған алғашқы жолдауында: "Қазақ тілі – ұлтаралық қатынас тіліне айналуы керек" деп, атап көрсеткені, еліміздің үмітін оятты. Ал 2018 жылы Елбасы мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту мақсатында: "Парламент пен Үкіметтің жұмысы тек мемлекеттік тілде жүргізілуі тиіс" деп, нақты тапсырма берді. Елбасы да, Мемлекет басшысы да тапсырған мемлекеттік тілдің өз атына сай болу талабын кейінге қалдыруға болмайды", – деді депутат.

Осы орайда ол қоғам мемлекеттік тілдің барлық салада қолданылуын талап етіп отырғанын атап өтті.

"2020 жылы 28 желтоқсанда Ұлттық кеңес мүшелерімен кездескенде ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова бұл ұсынысымыздың өндіріске алынып, қоғам талабына сай Мемлекеттік тіл туралы заң жобасы тұжырымдамасы жасалып, 2020 жылы тамыз айында Үкіметке жіберілгенін мәлімдеді. Қазір халқымыз 19 миллионға, оның ішінде қазақ ұлты 78 пайызға жетіп қалды. Ал сол халыққа қызмет көрсететін мамандардың мемлекеттік тілді білмеуі азаматтардың қызмет алу құқығын аяқ асты етіп отыр", – деді Қазыбек Иса.

Осы орайда депутат мемлекет қызметшілер қазақ тілін еркін меңгеруі тиістігін атап өтті.

"Мемлекеттік тілдің мәртебесін жеке дара анықтайтын уақыт жетті! Себебі, Ал қазір Тәуелсіздігімізге 30 жыл толып отырғанда мемлекеттік тіл туралы өз статусын толыққанды атқара алмаған заңымыз демографиялық және демократиялық заңдылықтармен өз күшін жойып отыр… Суға түспей жүзуді үйрену қандай мүмкін болмаса, мемлекеттік тілді міндеттемей, оны үйрену де сондай мүмкін емес! Ал ешбір заңда не бағдарламаларда, мемлекеттік органдарда міндетті түрде мемлекеттік тілді білу туралы норма жоқ. Сондықтан да, биыл 5 қаңтарда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында: "Мемлекеттік тілді білу – Қазақстанның әрбір азаматының міндеті" – деп нақты атап көрсетіп берді", – деді Қазыбек Иса.

Бұл ретте депутат жоғарыда айтылғандардың негізінде тиісті ұсыныстарды жасады:

1) Мемлекеттік қызметшілердің, құқық қорғау органдары қызметкерлері мен соттардың және көпшілікке қызмет ету мекемелері қызметкерлерінің міндетті түрде мемлекеттік тілді білуі туралы стандарт енгізу;

2) Мемлекеттік қызметшілердің мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін анықтаудың жүйесі мен тәртібін белгілеу, оның қажетті механизмдерін жасау;

3) Заң актiлерi мен өзге де нормативтiк құқықтық актiлерді, мемлекеттік органдардың құжаттары мен хаттарын, ақпараттары мен есептерін, іс қағаздарын және т.б. ресімдеудің негізгі нұсқасы – тек мемлекеттік тілде жүзеге асуы тиіс.

4) Кез келген тілдін дамуының кепілдігі – оның экономикалық және қаржылық салада қажеттілігі. Сол себептен мемлекеттік тілді ең алдымен экономикада да қолдануды күшейту қажет.

"Бізге де әлеуетті инвесторларды, шетелдік компанияларды қоса алғанда келісім-шарттарда мемлекеттік тілді міндетті түрде пайдалану талабын белгілеу керек", – деді Қазыбек Иса.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1897162-deputat-kazybek-isa-memlekettik-tildi-koldanyluyna-katysty-kimetke-synys-zasady/