Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Тілтанушы ғалым латын қаріпіндегі қазақ әліпбиіне қарсы шыққандарға жауап берді

Опубликовано:

латын қарпі
Көрнекі фото: ktk.kz

Жақында латын графикасындағы қазақ әліпбиінің жаңа нұсқасы ұсынылып, ол тағы да қызу талқыға түсті. Қоғамда қазақ әліпбиін ауыстыруға әлі сын көзбен қарайтындар бар. Олар ересектерге жаңа әліпбиді үйренудің қиынға соғатынын, сондай-ақ елімізде тұратын өзге ұлт өкілдері қазақ тілін үйренуде мәселелерге тап болуы мүмкін екенін айтады. Бұған қатысты жаңа әліпби нұсқасын жетілдіруге ат салысқан А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының басшысы Анар Фазылжанованың өз айтары бар деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Үйренбейтін адам қандай әліпби ұсынсаңыз да үйренбейді

Анар Фазылжанова латын графикасындағы қазақ әліпбиі еліміздегі орыстілді орта мен қазақтілді ортаның арасын алшақтады деген ойдың барлығын негізсіз деп есептейді.

"Қазақстандағы орыстілді қауымдастық әлдеқашан қазақтанып кеткен. Бұл мәселені айтып жүргендер осы екі ортада жүріп, сол арқылы өздеріне ұпай жинап жүргендер. Сондықтан мен бұны дұрыс деп санамаймын. Иә Қазақстанда орыс мектептері бар. Онда орыс тілі негізінде өтетін пәндер кириллмен жазылады.

Сол мектептердегі қазақ тілінде өтетін пәндер мысалы "Қазақ тілі" мен "Қазақ әдебиеті", "Қазақстан тарихы" оқулықтары латынмен жазылады. Қазақ тілін кирилл графикасында үйренбеген салғырт азамат латын гарфикасына көшкенде "қазақ тілі латынға көшті мен үйренбеймін" деп әшейін өзінің енжарлығына сылтау тауып алады.

Үйренбейтін адам сіз оған қандай әліпбимен берсеңіз де үйренбейді. Бірақ жағдай сондай мүшкіл емес. Қазақстандағы өзге ұлт өкілдері соның ішінде үлкен диаспора орыс ұлтының ішінде балаларын қазақ мектебіне, қазақ балабақшасына беріп, өздері де тіл үйреніп жатқандар өте көп. Бірақ бұл ақпарат неге екені белгісіз айтылмайды. Сондықтан осыған ерекше назар аудару керек деп ойлаймын", - дейді ғалым.

Жаңа әліпби арқылы қазақ тілін бұрын білмейтіндерге игертіп алуға болады

Анар Фазылжанованың айтуынша мұндай тәжірибе тарихта болған.

"1928 жылы түріктер еуропалық үлгіде мемлекет құрып, әліпбиін латынға ауыстырды. Сол кезде оларда әсіресе әйелдердің арасында сауатсыздық өте жоғары болған. Міне олар жаңа әліпбиді үйретеміз деп, халқының сауатын ашты. Сауаттылық деңгейі жаңа әліпбиге көшкеннен кейін бірнеше есеге артқан. Сондықтан бұл тарихи фактіні өзімізге сабақ ретінде қолдаунымызға болады. Латын әліпбиін үйретеміз деп, қазақ тілін бұрын үйренбей жүрген азаматтарға игертіп алуға әбден мүмкіндік жеткілікті", - дейді филология ғылымдарының кандидаты.

Ересектер бұл әліпбидің таңбаларын күнде көріп жүр

Қоғамда қазақ жазуын латын графикасындағы әліпбиге көшіруге қарсы топтың ең басты айтары үлкен буын өкілдеріне оқу-жазудың қиындайтыны. Ал тілтанушы ғалым бұл таңбаларды танымайтын адам жоқ екеніне сенімді.

"Үлкендерге бұл әліпбиді үйренген қиын болады деп байбалам салып жатқандар бар. Бірақ ересек адам болсын, жас болсын біз бір үлкен жаһаниятта өмір сүріп жатырмыз. Бұрын ұлттар мен ұлыстар бір-бірінен оқшау өмір сүрген. Қазір құрмаласу өте қарқынды.

Қазір сіз қолыңыздағы смартфон арқылы бүкіл әлеммен байланысқа шыға аласыз, ал енді жаһаниятта дамыған мемлекеттердің 70 пайызы латын графикалы әліпбиді қолданады.

Әлем тілі деп отырған ағылшын тілінің графикасы да латын. Сондықтан үңгірде тұрған адам болмаса, ересектер бұл әліпбидің таңбаларын күнде көріп жүр. Әртүрлі брендтердің атауларынан, дүкендердің сыртынан оқиды. Сондықтан бұны игеру, меңгеру сондай қиын болады деп айта алмаймын", - дейді ғалым.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1897227-tiltanusy-galym-latyn-qaripindegi-qazaq-alipbiine-qarsy-syqqandarga-zauap-berdi/

pixel