RU

1 млрд теңгенің темір кені Қытайға заңсыз сатылып кеткен

Кен орны
Көрнекі фото: pixabay.com

Қарағандылық компания Қытайға 128 тонна темір кенін заңсыз сатып жіберген. Деректі Қаржы мониторингі агенттігінің қызметкерлері анықтаған деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Агенттіктің ақпаратынша, 2021 жылы қаңтар айында Қарағанды облысында рұқсат беретін құжаттарсыз темір кенін өндіру фактісі анықталған.

2016-2017 жылдары коммерциялық кәсіпорындардың бірі еншілес компания арқылы 128 тоннадан астам темір кенін өндіріп, Қытайға сатқан болып шықты.

Осы заңсыз қызметтен түскен жалпы кіріс 1,1 млрд теңгеден асқан.

"ҚР қаржы мониторингі агенттігі аталған факті бойынша ҚР ҚК 214 бабы, 2 бөлігімен (Заңсыз кәсіпкерлік) сотқа дейінгі тергеу бастады", - дейді ведомство.

Еске сала кетсек, бұған дейін Қаржы мониторингі агенттігі Батыс Қазақстан облысында "Нұрлы жер" мемлекеттік бағдарламасы бойынша Оралдағы тұрғын үй ауданын электрмен жабдықтау үшін бөлінген жарты миллиардтан астам теңгенің жымқырылғанын анықтаған еді.

Ведомствоның мәліметінше, бұл қаражат Оралдағы тұрғын үй аудандардың бірін электрмен жабдықтау мәселесін шешу үшін бөлінген.

"Тергеу мүдделеріне қатысты басқа ақпарат жария етілмейді", - дейді Қаржы мониторингі агенттігі.

Сонымен қатар Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет елімізде тағы бір модульдік ауруханаға қатысты тергеу жүріп жатқанын хабарлаған еді. Әңгіме Шымкенттегі құны 5,5 миллиард теңге тұратын аурухана жайында.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1897266-1-mlrd-tengenin-temir-keni-qytaiga-zansyz-satylyp-ketken/