RU

ШҚО-да жедел жәрдем қызметкерлері жантүршігерлік жол апатынан қаза тапты

Жол апаты
Фото: ШҚО ПД баспасөз қызметі

3 ақпан күні сағат 19.25 шамасында Өскемен - Семей тас жолында жүк көлігі мен жедел жәрдем көлігі соқтығысып қалған. Салдарынан арнайы көліктің екі жолаушысы қаза болған деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі Шығыс Қазақстан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомствоның ақпарынша, Schmitz тіркемесі бар DAF жүк көлігінің 29 жастағы жүргізушісі Өскемен-Семей тас жолында облыс орталығы жағынан келе жатқан.

Қолайсыз ауа райы салдарынан ол тас жолдың 140/58 шақырымында рөлді басқара алмай, қарсы жолаққа шығып кеткен. Салдарынан "ГАЗ-A31R23" жедел медициналық көмек автокөлігімен соқтығысқан.

Жол апатынан жедел жәрдемнің 1972 және 1979 жылы туған екі қызметкері оқиға орнында қайтыс болған. Ал аталған көліктің 44 жастағы жүргізушісі түрлі жарақаттармен ауруханаға жеткізілген.

Жол апаты
Фото: ШҚО ПД баспасөз қызметі

"Аталған факті бойынша ҚР ҚК 345-бабы 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Бірқатар сот сараптамасы тағайындалды", - дейді ШҚО ПД баспасөз қызметі.

Қазір оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.

Еске салайық, осыған дейін Алматының әл-Фараби даңғылында бес көліктің қатысуымен жаппай жол апаты болғанын хабарлаған едік. Оқиға салдарынан бірнеше адам жарақат алған, оның ішінде жүкті әйел де бар.

Алматы қаласы полиция департаменті тергеу бөлімінің басшысы Олжас Шәріпов бұл факті бойынша Бостандық аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері тергеу жүргізіп жатқанын мәлімдеді.

Тиісті сараптамалар тағайындалған. Оның айтуынша, алдын ала болжам бойынша, жол апатына Elantra жүргізушісінің әрекеті себеп болуы мүмкін.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1897269-sqo-da-zedel-zardem-qyzmetkerleri-zantursigerlik-zol-apatyna-qaza-tapty-foto/