RU

40 градус аязда мұздай суға шомылатын қазақстандық отбасы туралы не білеміз

Пекарский
Скриншот: TikTok / pekars_family

Петропавлда тұратын отбасы әлеуметтік желіде суыққа төзімділігін көрсетіп елді таңқалдырды. Желі жұлдыздары 40 градус аязға қарамастан мұз ойығындағы суға сүңгіп, онда бірнеше минут тұра алатынын паш етті. Мұздай суға тітіркенбей күмп беретін ерлі-зайыптылар онда қазақтың еті мен қымызын ішіп, желіде танымал болды. Жас отбасы KAZ.NUR.KZ тілшісіне сұхбат берді.

Петропавл тұрғындары Владимир және оның жары Екатерина қыстай мұз ойығына түсіп, дене шынықтырады. Бұл оларға экстрим емес, әлдеқашан әдетке айналған іс.

Олар дәрігерге ат ізін салмағанына көп болғанын айтады, тіпті соңғы рет ақ халаттының алдына қашан барғандарын естеріне түсіре алмады. Олардың мұзды судың ішінде тұрып суық балмұздақ, қазақтың еті мен қымызынан, әйгілі Қазақстан шоколадынан дәм татып тұрған видеолары көптің қызығушылығын туғызған.

Владимирдің жасы 28-де. Ол бұрынғы десантшы, суық суға денесін әскерде жүргенде үйрете бастапты. Ал Екатерина мұз ойығына түсуді осы қыста үйренгенін айтады.

Пекарский Петропавл
Скриншот: instagram.com/pekars_kate

"Біз мұзды суға түсуді денсаулығымыз үшін әдетке айналдырдық. Оны видеоға түсіріп, желіге салып едік, аудиторияға ұнап қалды. Ешқандай мақсат қойған жоқпыз. Адамдар қызыға бастағандығын байқап, жиі-жиі жариялап тұруды жөн санадық. Видеоларымыз бүкіл Қазақстанға, Ресейге тарап кетіпті", - дейді Екатерина Пекарская.

Пекарский отбасы видеоларында қазақтың ұлттық тағамдарын не үшін көрсеткенін айтып берді.

"Біздің құрт жеп, ет асап, қымыз ішіп тұрған видеоларымыз жақсы қаралды. Біз әлемге Қазақстанның қандай мемлекет екенін, онда қандай мықты адамдар тұратынын айтқымыз келді. Ерекше ел екенін көрсеткіміз келді. Өзіміз орыс ұлтынан болсақ та, туған жеріміздің әдет-ғұрып, ұлттық дәстүрін құрметтейміз",- дейді Владимир Пекарский.

Екатерина мұздай судың денсаулығына кері әсер тигізбегенін алға тартты.

"Егер мен мұз ойығында 20 минуттай болсам, суықтап қалып, вирус жұқтырып алуым ғажап емес. Бірақ мен бар болғаны су ішінде үш минуттай болып шығамын. Болды. Ешқандай зияны жоқ", - дейді ол.

Владимир видеодағы әрекеттерді дайын емес адамдарға қайталамауды өтінді. Суыққа төзімді жігіт ағзасы үйренбеген адамның бірден ауырып қалуы мүмкін екенін ескертеді. Ол жары Екатеринаны бір қыста суыққа шынықтырғанын жеткізді. Владимир мұзды суда 7 минуттай, ал әйелі 3 минут тұра алатын көрінеді.

Қазақстанда мұздай судың ішінде ұзақ тұрудан рекорд елордалық Қайырбек Аяшевқа тиесілі. Өткен жылы ол мұз ойығындағы суда 40 минут бойы тұрған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1897346-40-gradus-ayazda-muzdai-suga-somylatyn-qazaqstandyq-otbasy-turaly-ne-bilemiz/