RU

Алексей Цой ШҚО-да жол апатынан қаза тапқан медицина қызметкерлері жайлы айтты

Алексей Цой
Алексей Цой. Фото: mz.gov.kz

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Шығыс Қазақстан облысында жол апатынан қайтыс болған жедел жәрдем қызметкерлерінің жақындарына көңіл айтты.

"ҚР Денсаулық сақтау министрлігі ұжымының атынан және жеке өз атымнан Шығыс Қазақстан облысында жол-көлік оқиғасында қаза тапқан жедел жәрдем қызметінің дәрігерлері мен фельдшерлерінің отбасыларына қайғырып көңіл айтамын.

Бұл трагедия дәрігер болудың қаншалықты қауіпті екенін көрсетті. Ауа райының қолайсыздығына, жұмыстың ауырлығына, шаршағанына қарамастан, дәрігерлер өз кәсібін қашан да адал атқарады.

Өкінішке қарай, науқас өмірін құтқаруға шыққан шұғыл қызмет бригадасының дәрігері мен фельдшері - Болат Қапсаметұлы Әзілханов пен Бейбіт Төлеуғазыұлы Ғабдуллин көз жұмды.

Қайғылы оқиға медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігі жайлы тағы бір ойлануға түрткі болып отыр. Қазір Семей қаласындағы ауруханада жансақтау бөлімінде жатқан жедел медициналық жәрдем көлігі жүргізушісінің тезірек сауығып кетуін тілейміз",- деп жазды ол Instagram парақшасында.

Айта кетейік, 3 ақпан күні сағат 19.25 шамасында Өскемен - Семей тас жолында жүк көлігі мен жедел жәрдем көлігі соқтығысып қалған. Салдарынан арнайы көліктің екі жолаушысы қаза болған еді.

"Аталған факті бойынша ҚР ҚК 345-бабы 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Бірқатар сот сараптамасы тағайындалды", - деп мәлімдеген ШҚО ПД баспасөз қызметі.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1897378-aleksei-coi-sqo-da-zol-apatynan-qaza-tapqan-medicina-qyzmetkerleri-zaily-aitty/