RU

Еліміздің үздік ғалымдарына 5,8 млн теңге сыйақы берілмек

Ақша
Көрнекі фото: NUR.KZ

Қазақстанда "Үздік ғылыми қызметкер" атағын иеленгендерге 2 мың АЕК көлемінде ынталандыру сыйақысы беріледі деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Сәйкесінше заң жобасы парламент сенатының бірінші отырысында мақұлданды.

"Заң жобасында бірнеше жаңалық қаралған. Солардың ішіндегі ең маңыздысының бірі – үздік ғалымдарға "Үздік ғылыми қызметкер" атағымен 2 мың АЕК көлемінде оларды ынталандыру көзделіп отыр. Заң жобасына қолдау көрсеткен Үкіметке алғыс айтамыз. Аталған сыйақының көлемі 5 млн 834 мың теңгені құрайды... Заң жобасына сәйкес, сыйақыны беру ережесін жүзеге асыру – уәкілетті органға жүктелген", - деді бүгінгі Сенат отырысында депутат Әлімжан Құртаев.

Депутат бұл сыйақы ғылым саласына жастардың қызығушылығын арттырып, ізденісте жүрген ғылыми қызметкерлердің бәсекелестігін арттыруы тиіс.

Ал Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Қаринованың айтуынша, аталмыш сыйақыны жылына 50 қызметкерге беру қарастырылған.

"Елімізде бүгінгі таңда 20 мыңға жуық ғылыми қызметкер жұмыс істейді. Бұл сыйақы жас мамандарды ынталандырады деп күтілуде. Бүгінгі күні осы сыйақы бойынша ғалымдарға қойылатын нақты талаптарды айқындау жұмыстары басталды. Бірнеше ұсыныс келді. Бұл ретте ашықтықты қамтамасыз ету мәселесі бірінші орында тұр", - деді ол.

Қаринова сыйақыны айқындайтын комиссия құрамына белгілі қоғам қайраткерлері, қоғамдық ұйымдардың мүшелері, тәуелсіз бақылаушылар да кіретінін алға тартты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1897443-elimizdin-uzdik-galymdaryna-58-mln-tenge-syiaqy-berilmek/