RU

Қазақстанда жұмыртқа бағасы шарықтап кетті

Жұмыртқа
Көрнекі фото: piqsels.com

Белгілі болғандай, елде жұмыртқаға тапшылық болмаса да, бағасы шарықтап кеткен деп хабарлайды "Хабар 24" арнасы.

Мамандардың айтуынша қымбатшылыққа құс тұмауы әсер еткен болуы мүмкін. Әрі сұраныс та артқан. Қазір сауда орындарында жұмыртқаның 10 данасы 600 теңге шамасында сатылып жатыр. Ең қымбат баға елордада. Мұнда 620 теңгеден.

"Біз өнімнің не себепті қымбаттап кеткенін анықтайтын боламыз. Негізі тауар бағасын бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің мамандары қадағалау қажет. Олар мониторинг жүргізеді. Жаз мезгілінде сұраныс азайып, жұмыртқаның бағасы төмендейді деп ойлаймыз. Қазір сол агенттікпен бірлесіп бұл мәселені анықтап, жағдайды тұрақтандыру бойынша жұмыстар жүргізетін боламыз", – деді Ауыл шаруашылық министрлігі аграрлық азық-түлік нарықтары, органикалық өнім және техникалық реттеу департаментінің директоры Зейнолла Шәріпов.

Еске салсақ, бұған дейін Шымкентте әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасы тағы қымбаттағаны туралы жазған болатынбыз. Әсіресе өсімдік майы мен жұмыртқа құны өсіп кеткен.

Шымкентте бірінші кезекте жұмыртқа құны шарықтап кеткен. Жарты ай бұрын 30-35 теңге тұрған жұмыртқа 50 теңгеден сатылған еді. Сатушылардың айтуынша, мереке кезінде жұмыртқаның қымбаттауы қалыпты жағдай. Оның үстіне бағаның шарқытауына құс тұмауы да әсер еткен.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1897623-qazaqstanda-zumyrtqa-bagasy-saryqtap-ketti/