RU

Коронавирус: Нұр-Сұлтан қайтадан "қызыл" аймаққа кірді

Фото
Көрнекі фото: NUR.KZ

Қазақстан өңірлеріндегі эпидемиологиялық жағдайды бағалау матрицасына сүйенсек, 8 ақпанда Нұр-Сұлтан қаласы коронавирустың таралу көрсеткіші бойынша "қызыл" аймаққа қайта кіріп отыр.

Қазір "қызыл" аймақта елордадан бөлек, Павлодар және Ақмола облыстары бар.

"Сары" аймақта Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстары тұр.

Еліміздің қалған өңірлерінің барлығы "жасыл" аймақта.

Айта кетейік, осыған дейін денсаулық сақтау министрлігі елдегі эпидемиялогиялық жағдайға қатысты соңғы деректерді жариялады.

Ресми дереккөздің мәліметінше, өткен тәулікте коронавирус жұқтырған 1003 адам анықталған. Оның 75-і елордадан.

Осылайша, жалпы ел бойынша коронавирус жұқтырғандар саны 196 115-ке жетіп отыр.

Естеріңізге сала кетсек, өткен аптада дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) сарапшылары әлемде коронавирустың таралу қарқыны баяулағанын мәлімдеген болатын.

"Біз бірқатар елде коронавирусты жұқтыру көрсеткішінің төмендегенін байқап отырмыз", – деді Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сарапшысы Мария ван Керкховен.

Оның айтуынша, бұған вирустың таралу тізбегін тоқтататын шараларды қолданудың арқасында қол жеткізілген.

Мария ван Керкховен вакцинаны коронавируспен күрестің тағы бір "қуатты құралы" деп атады.

Сонымен бірге ол науқастар саны азайып жатқан елдерді COVID-19-пен күрес шараларын одан әрі сақтауға шақырды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1897776-koronavirus-nur-sultan-qalasy-tagy-da-qyzyl-aimaqqa-kirdi/