Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Рактың алдын алу үшін не істеу керек: Дәрігер қауіпті дерттің басты себептерін атады

Опубликовано:

Фото
Фото: Әділ Шөкебаевтың жеке мұрағаты

Асқазан-ішек ауруларының қауіпті дертке – ракқа ұласып кететін жағдайлары көп. А. Н. Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургиялық орталыққа пандемия кезінде асқазан және ішек ауруларының рагына ұшыраған адамдар көп жүгінген. Бұл туралы аталған орталықтың бөлім меңгерушісі Әділ Шөкебаев айтқан болатын. Осы орайда, KAZ.NUR.KZ қауіпті дерттің алдын алу үшін не істеу керектігін білікті мамандардан сұрап, оқырман назарына ұсынып отыр.

"Салауатты өмір салтын сақтау, зиянды әдеттерден алшақ болу, дұрыс тамақтану, спортпен шұғылдану – аурудың алдын-алатын басты құралдар. Сол себепті "ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеп", сырқаттан мейілінше қашу керек. Ауырған сәтте тиісті мамандардың көмегіне уақытылы жүгінсе, көп қауіптің беті қайтады.

Біздің жұмыс тәжірибемізде созылмалы асқазан-ішек жолдары сырқаты бар науқастарда (мысалы, асқазан мен он екі ішектің созылмалы ойық жарасы) уақыт өте келе рактың дамитынын жиі байқаймыз. Сондықтан, уақытында басталған ем осындай асқынуды болдырмау үшін қолайлы профилактикалық шара болып табылады.

2013 жылы елімізде алғаш рет асқазан-ішек жолдары қатерлі ісіктерінің алдын алу және еліміздегі онкологиялық көмек сапасын арттыру мақсатында өңеш, асқазан, бауыр, тоқ ішек ағзаларының қатерлі ісіктерін ерте кезеңде анықтау үшін скринингтік бағдарламалар енгізілді. Жоспарлы түрде жүзеге асып жатқан бұл скринингтік бағдарламалардың арқасында көптеген азаматтар қатерлі ісікті ерте сатыларында анықтап, дер кезінде көрсетілген тиісті емнің нәтижесінде ауруынан толық сауығып кетіп жатыр.

Тағы бір мысал ретінде айта кетсек, Оңтүстік Корея мемлекетінде скринингтік жоғары технологиялы эндоскопияның жүйелі түрде жылына 1 рет жасалуының нәтижесінде асқазан рагының 95 пайызы алғашқы сатыларда анықталады.

Бұл шара осы мемлекетте қатерлі ісікке шалдыққан науқастарға ерте сатыда ота жасауға ықпалын тигізіп, науқастар арасында өлім-жітім көрсеткішінің өте төмен болуына тікелей әсер етуде", - дейді асқазан-ішек жолдары және эндокринді ағзалар хирургиясы бөлімшесінің меңгерушісі Әділ Абайұлы.

Сондай-ақ дәрігер асқазан-ішек ауруларының асқынуына соқтыратын басты себептерді атады.

"Қауіпті дерт көп жағдайда науқастар медициналық көмекке кеш жүгінсе, мамандар берген емдік нұсқаулықтарды дұрыс сақтамаса асқына түседі. Асқазан-ішек жолдары ауруларына тән ең басты белгілерді білген жөн. Олар – төс артындағы қыжыл, іштегі ауыру сезімі, тамақ өтудің қиындауы, жүрек айну, құсу, іш қату немесе іштің өтуі, салмақ тастау. Осы белгілерді байқаған адамдар дәрігердің көмегіне жүгінуі керек", - дейді дәрігер.
Фото
Фото: Әділ Шөкебаевтың жеке мұрағаты

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1897787-raktyn-aldyn-alu-usin-ne-isteu-kerek-dariger-qauipti-derttin-basty-sebepterin-atady/

pixel