RU

Қызылорда базарында инсульт алып, құлаған әйелді тонап кетті

Көрнекі
Көрнекі фото: pixabay.com

Қызылорда қаласында базарда жүріп инсульт алып, құлаған әйелдің құжаттары мен ақша салынған сөмкесі ұрланды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Бұл туралы жәбір көрген әйелдің құрбысы Елена Когай Facebook желісіндегі парақшасында жазды.

"Құрбым сыйлық алуға базарға барған. Кейіннен оның Жаңа базардағы дәретханада инсульт алғаны белгілі болды. Қазір ол облыстық медициналық орталықта комада жатыр. Бұл жерге науқасты сөмкесіз алып келген. Ал күрткесінің қалтасында қалған телефоны арқылы оның туыстарына хабар жеткізілген", – деді ол.

Елена құрбысының сөмкесінде құжаттар мен несие карталары болғанын жеткізді..

"Оқиғаны көрген-білген жандардан көмек сұраймын. Ол ұзын бойлы, етжеңділеу және қара қысқа шашты. Орта жастағы азиялық нәсіл өкілі. Үстіне қара түсті сырмалы пальто киген", – дейді Елена Когай.

Жазба авторының айтуынша, қалалық ішкі істер департаменті жәбірленушінің туыстарынан құжат пен ақша салынған сөмкені ұрлау туралы өтінішті қабылдамай отырған көрінеді. Оның пікірінше, тоналған әйел комада жатқандықтан арыз жаза алмайды.

Желі қолданушыларының жаппай пікір білдірген қолдауынан кейін қызылордалық тәртіп сақшылары болған жағдайды тексеруге уәде берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

"Желіде жарияланған жазба назарға алынып, полиция қызметкерлері жәбірленген адамның туыстарымен байланысқа шықты", – делінген полиция таратқан хабарламада.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1897817-qyzylorda-bazarynda-insult-alyp-qulagan-aieldi-tonap-ketti/