RU

Ішкі істер министрлігі көлік жүргізушілеріне үндеу жасады

Көліктер
Көрнекі фото: pixabay.com

Еліміздің ішкі істер министрлігі ауа райының нашарлауына байланысты көлік жүргізушілеріне үндеу жасады. Тәртіп сақшылары алыс сапарға шықпауға кеңес береді деп хабарлайды ведомствоның Instagram парақшасы.

Министрліктің хабарлауынша, ауа райының нашарлауы, бірқатар аймақтарда қалың қардың түсуі ел жолдарындағы, әсіресе қала маңындағы жолдардағы қауіпсіздікке әсер етуі мүмкін.

Ведомство өкілдері жүргізушілерге қолайсыз ауа райы кезінде ұзақ сапарларға шықпауға кеңес береді.

Қатты жел, бұрқасын мен көктайғақ жол апатына себеп болуы мүмкін.

Сонымен бірге жүргізушілерге жасалған үндеуде жолдарда абай болу, балалар оқу орындарының, қоғамдық көлік аялдамаларының және жаяу жүргіншілер өткелдерінің жанында жылдамдық режимі мен қашықтықты сақтау қажет екендігі де айтылған.

Ведомствоның мәліметінше, демалыс күндері 27 жол-көлік оқиғасы орын алған. Салдарынан 5 адам қайтыс болып, 22 адам жарақат алған.

Еске сала кетсек, бүгін, 8 ақпанда еліміздің басым бөлігінде жауын-шашын болатынын хабарлаған едік.

Павлодар облысының кей жерлерінде бұрқасын, тұман, көктайғақ күтіледі, желдің екпіні секундына 15-20 метрге, кей жерлерде 30 метрге дейін күшейеді.

Солтүстік Қазақстан облысының кей жерлерінде бұрқасын күтіледі, басым бөлігінде желдің екпіні секундына 15-28 метрге дейін жетуі мүмкін.

Ақмола облысының кей жерлерінде бұрқасын, тұман күтіледі, желдің екпіні түнде кей жерлерде 15-20 м/с, күндіз 15-20 м/с, 23-28 м/с дейін күшеюі ықтимал.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1897833-iski-ister-ministrligi-kolik-zurgizusilerine-undeu-zasady/