RU

Сарапшы отандық QazCovid-In вакцинасының артықшылықтары туралы айтты

Вакцина салу
Көрнекі сурет: pexels.com

Медицина ғылымдарының докторы, Дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдарды сараптау ұлттық орталығының сарапшысы Александр Гуляев ОКҚ өткен онлайн-брифингте коронавирусқа қарсы қазақстандық вакцинаның ерекшеліктері туралы айтып берді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Гуляевтің айтуынша, QazCovid-In вакцинасы бір жыл бойы зерттелген. 2020 жылдың қыркүйегінде клиникалық сынақтар басталған. Бастапқыда оған 44 ерікті қатысқан.

"Бірінші кезең вакцинаның қауіпсіздігін зерттеуді қамтыды. Нәтижесінде еріктілерді 180 күн бойы бақылаған кезде жағымсыз әсерлер байқалмады. Вакцина салыстырмалы түрде қауіпсіз екендігі анықталды", - дейді ол.

Келесі кезеңде препараттың клиникалық тиімділігі зерттелді: бұл фазаға 200 ерікті қатысқан. Мамандар вакцинациядан кейін пайда болатын антиденелердің деңгейін 180 күн бойы бақылап отырған.

"Вакцина өте тиімді және антиденелер әрбір вакцина енгізілгеннен кейін пайда болады", - дейді сарапшы.

Клиникалық зерттеулердің үшінші, соңғы кезеңі 2020 жылдың 25 желтоқсанында басталды - ол 180 күнге созылады. Бұл кезеңде тестілеуге 3 мың адам қатысып жатыр.

"Жақын уақытта есеп берілуі керек. Сараптама жүргізу ережелеріне сәйкес 31 желтоқсанда QazCovid-In вакцинасы уақытша тіркеу куәлігін алды. Бұл осы вакцинаны зерттеу көлемін кеңейтуге және оның өндірісін жеделдетуге мүмкіндік береді", - дейді маман.

Гуляевтің дерегінше, QazCovid-In - инактивті вакцина саналады. Бұл отандық вакцинаны ресейлік препараттан ерекшелендіреді.

"Бұл вакциналарды тікелей салыстыру дұрыс емес. Зерттеудің үшінші кезеңінің барлық мәліметтері болған кезде салыстыруға болады. Сол кезде артықшылықтары немесе кемшіліктері жөнінде айтуға болады.

Бірден айта кету керек, пандемияға байланысты әлемде бірде-бір вакцинаға үш кезеңді толық клиникалық зерттеу жүргізілмеген. Бірақ ахуал реттеуші органдардың уақытша тіркеуге тұрғызып, екпелеуді бастауға мәжбүр етеді. Бұл кейбір қауіпсіздік ережелері еленбейді дегенді білдірмейді.

Кез-келген вакцинаны бағалау көптеген елдерде дәл осылай жасалады. Мысалы, Жапонияда, АҚШ-та, Еуропада және Қазақстанда қауіпсіздік пен тиімділікті бағалаудың ешқандай айырмашылығы жоқ. Бұл айтарлықтай ұзақ процесс...

Біздің елдегі дәрі-дәрмектерді сараптау ұлттық орталығы және басқа елдердегі тиісті ұйымдар бұл вакциналардың салыстырмалы тиімділігі мен қолайлы қауіпсіздігіне кепілдік береді", - дейді Александр Гуляев.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1897843-sarapsy-otandyq-qazcovid-in-vakcinasynyn-artyqsylyqtary-turaly-aitty/