RU

Ваннада босанған: Елордада жаңа туған сәбиін тұншықтарған әйелге үкім шықты

Сәби
Көрнекі сурет: pixabay.com

Нұр-Сұлтанда жаңа туған нәрестесін өлтірген әйел сот алдында жауап берді. Бүгін мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сотында айыптау үкімі оқылды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ елорда қалалық сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Анықталғандай, 2020 жылдың 22 тамызында келіншек пәтерде бала туған. Айыпталушы өзін-өзі жуынатын бөлмеде босандырған. Сол сәтте басқа бөлмеде оның ағасы, жеңгесі мен анасы болыпты.

Сот-психологиялық-психиатриялық сараптаманың қорытындысы мен сарапшының айғақтарына сәйкес босанған әйел қорқыныш пен психотравмалық жағдайда болған.

Баланы өз бетінше туған ол нәрестені тұншықтырған. Оның іс-әрекеті бойынша Қылмыстық кодекстің 100 бабымен (Анасының өз баласын өлтіруі) іс қозғалған.

"С. ауырлығы орташа қылмыс жасағанын, істегеніне өкінгенін, сондай-ақ денсаулық жағдайын - 1 деңгейдегі диабет, 140 келіге дейін семіздікті ескеріп, сот оны екі жылға бас бостандығынан шектеу жазасын тағайындады", - делінген үкімде.

Қылмыстық кодекстің 100 бабында төрт жылға дейін бас бостандығынан шектеу немесе осы мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылғаны атап өтілді. Соттың түсіндіруінше, жеңілдететін мән-жайлар болған кезде сот ең көп мерзімнің жартысынан көбіне, яғни екі жылдан астам мерзімге жаза тағайындай алмайды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Еске сала кетсек, БҚО-да жаңа туған сәбиін дәретханаға тастаған 19 жастағы студент екі жылға бас бостандығынан шектелді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1897900-zuynatyn-bolmede-bosangan-elordada-zana-tugan-sabiin-tunsyqtargan-aielge-ukim-syqty/