RU

Астаналықтарды дүрліктіріп, ұтыс ойнатқан гүл дүкені 670 мың теңге төлеп құтылмақ

гүл орталығының ашылуы
Фото: liter.kz

Өткен жексенбіде 2 мыңнан астам астаналық ашылуына келген гүлдер орталығының әкімшілігі карантин талаптарын бұзғаны үшін 670 910 теңге төлейді. Бұл туралы Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми өкілі Ержан Байтанаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның атап өтуінше, елордадағы Мәңгілік ел даңғылы, 47 мекенжайында орналасқан гүл сату орталығы маңында адамдардың көп жиналуына қатысты Есіл аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы тексеру жүргізіп, карантин талаптарының бұзылғанын анықтаған.

Аталған жоспардан тыс тексеру Бас прокуратураның құқықтық статистика органдарында тіркелген.

«Қазіргі уақытта кәсіпкерлік субъектіге қатысты тексеру қорытынысы туралы акті, ұйғарым әзірленген және ҚР Әкімшілік құқық бұзу кодексінің 425-бабы 1-тармағы бойынша хаттама рәсімделіп жатыр. Субъекті санатын ескере отырып 230 АЕК мөлшерінде айыппұл белгіленген», - деді Ержан Байтанаев.

Еске сала кетсек, Есіл аудандық әкімдігі мен полиция мамандарынан құралған мониторингтік топ 2 мыңнан астам адамның қатысуымен өткен іс-шарада Нұр-Сұлтан қаласының бас санитар дәрігерінің қаулысын бұзу фактісін анықтаған еді. Дүкен ашылу құрметіне ұтыс ойынын өткізген.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1897914-astanalyqtardy-durliktirip-utys-oinatqan-gul-dukeni-670-myn-tenge-tolep-qutylmaq/