RU

Павлодар облысында қымбат көліктерді ұрлаумен айналысқан қылмыстық топ ұсталды

Фото
Көрнекі фото: pexels.com

Павлодар облысында қымбат автокөліктерді ұрлады деген күдікпен ұйымдасқан қылмыстық топ құрықталды. Қылмыстық топтың құрамына Қарағанды облысының үш тұрғыны кірген деп хабарлайды Polisia.kz.

Полицияның мәліметінше, күдіктілер ұрлайтын автокөлікті алдын ала таңдап алып, бағдарды жоспарлап, негізінен түнгі уақытта әрекет еткен.

"Ұрланған автокөліктер агрегаттық деректерді өзгерту (VIN-кодтарын өзгерту) арқылы сатылған, ал бір бөлігі бөлшектеу арқылы сатылған. Павлодарлық жедел уәкілдер бұрын ұрланған жеті көлікті тапты, олардың ішінде Toyota Avensis, Toyota Land Cruiser Prado 120 маркалы автокөліктер бар", – дейді Павлодар облысы полиция департаментінің бастығы Нұрлан Мәсімов.

Қазіргі уақытта барлық күдіктілер қамауға алынған. Оларға 10 факті бойынша айып тағылған.

Қылмыстық кодекстің 188-бабы (Ұрлық) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.

Бұдан бөлек, күдіктілерге ұйымдасқан қылмыстық топ құрғаны және оған қатысқаны үшін Қылмыстық кодекстің 262-бабы 1 және 2 бөлігі бойынша да айып тағылған.

Айта кетейік, бұған дейін елорданың екі тұрғыны эвакуатор жалдап, өзгенің көлігін ұрлап кеткенін хабарлаған едік.

Белгілі болғандай Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны полицияға көлігін әлдекімдердің ұрлап кеткенін айтып, жүгінген. Үш күн бойы қалада болмаған тұрған оралған кезде ауласынан Hyundai Accent маркалы көлігін таппай қалған.

Полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларының барысында көлік ұрлаған 34 және 29 жастағы екі тұрғынды ұстаған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1898102-pavlodar-oblysynda-qymbat-kolikterdi-urlaumen-ainalysqan-qylmystyq-top-ustaldy/