RU

Қырғызстан президенті портретін мемлекеттік ғимараттардың кабинетіне ілмеуге шақырды

Садыр Жапаров
Садыр Жапаров. Фото: Abylai Saralayev\TASS via Getty Images

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров өзінің портретін мемлекеттік ғимараттарға, жұмыс кабинеттеріне ілмеуге шақырды деп хабарлайды Орталық Азияның жаңалықтар қызметі.

Бұл туралы президенттің баспасөз хатшысы Галина Байтерек айтты.

"Садыр Жапаров қазір елдің жағдайын жақсарту үшін ештеңе істемедім деп есептейді. Сол себепті президент барлық мемлекеттік органдарға портретін ілмеуді сұрап отыр. Портрет ілгісі келгендер Жусуп Абдрахманов, Исхак Раззаков сияқты елді нығайтуға қызмет еткен мемлекеттік қайраткерлердің суретін ілуге болады", - дейді ол.

Басылымның жазуынша, қаңтар айының соңында президенттің Оштағы резиденциясының директоры Санжарбек Төлөнбаев Садыр Жапаровтың кілемге тоқылған суретін кабинетіне іліп қойғаны әлеуметтік желілерде қызу талқыланған.

Ол кілем Жапаров абақтыда отырғанда тоқылғанын айтқан.

Естеріңізге сала кетейік, 10 қаңтарда өткен президент сайлауында Садыр Жапаров 80 пайызға жуық дауыс жинады.

Aл 20 қаңтарда Қырғыз республикасы Орталық сайлау комиссиясының отырысы өтті. Оның барысында Садыр Жапаров елде өткен президент сайлауының жеңімпазы деп танылды.

Айта кетейік, Қырғызстандағы жаппай тәртіпсіздіктерден кейін ел президенті болған Сооронбай Жээнбеков өткен жылдың 15 қазанында отставкаға кетті.

Президент қызметін Жогарку Кенеш спикері Қанат Исаев уақытша атқаруы керек болған. Алайда Исаев бұл қызметтен бас тартты. Осылайша, өкілеттілік үкімет басшысы Садыр Жапаровқа берілді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1898126-qyrgyzstan-prezidenti-portretin-memlekettik-gimarattardyn-kabinetine-ilmeuge-saqyrdy/