RU

Полицейлер ішімдік ішкен жолсерікті пойыздан түсірді

Пойыз
Фото: Stopfake.kz

"Петропавл–Қызылорда" бағытында қатынайтын жолаушылар пойызының жолсерігі жауапкершілікке тартылды деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Көліктегі полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, 7 ақпанда Қызылордаға бағыт алған пойыз бригадирі Арыс-2 станциясындағы желілік полиция бөліміне хабарласып, көмек сұраған. Ол жолсеріктердің бірі қоғамдық тәртіпті бұзып жатқанын айтып, полиция жасағын жіберуді сұраған.

Бригадирдің айтуынша, оның әріптесі жұмыс орнында алкогольдік ішімдік ішіп, мас күйде өзі-өзіне ие бола алмаған. Сонымен қоймай бейәдеп сөздер айтып, қоғамдық тәртіпті бұзған. Пойыз жолаушыларының да мазасын алған.

"Полицейлерге тәртіп бұзушыны пойыздан түсіріп, жолдан қалдыруға тура келді. Тексеріс нәтижесінде оның Қызылорда облысының 26 ​​жастағы тұрғыны екені анықталды және оның "орташа" дәрежеде мас күйде болғаны медициналық сараптаманың қорытындысы бойынша расталды", – делінген хабарламада.

Тәртіп сақшылары жолсерікке Әкімшілік құқықбұзушылық туралы заңның 440-бабы (алкогольдік ішімдік ішу немесе мас күйде қоғамдық орындарда болу), 437-бабы (тыныштықты бұзу) және 434-бап (ұсақ бұзақылық) бойынша хаттама толтырды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1898140-policeiler-isimdik-isken-zolserikti-poiyzdan-tusirdi/