RU

Жұрт автобусты жабыла көтеріп, астында қалған зейнеткерді құтқарып қалды

Автобус
Фото: CGTN

Қытайда автобус астында қалған зейнеткерді құтқармақ болған қалың жұрт қоғамдық көлікті жабыла көтерді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы.

Оқыс жағдайдың видеосы YouTube-тағы CGTN парақшасында жарияланған.

Видеода жайбарақат жолды кесіп өтіп бара жатқан зейнеткерді автобус қағып кеткенін байқауға болады.

Қоғамдық көлік жүргізушісі дер кезінде тежегішті басып үлгермей, салдарынан зейнеткер автобус астында қалып қояды.

Бұл жайтты көрген сол маңдағы өзге адамдар дереу автобусқа қарай жүгіреді. Олар патрульдік полиция қызметкерлеріне ауыр автобусты көтеруге көмектеседі.

Тұрғындар жан-жақтан жабыла кетіп, автобусты жерден оңай көтере алған. Нәтижесінде астында қалған қария бірден қауіпсіз жерге шығарылып, жедел жәрдем шақырылған.

Қарт кісі жарақат алғанымен, оның өміріне қауіп төніп тұрған жоқ дейді ақ халаттылар.

Видеоны көрген желі қолданушылары "жұмыла көтерген жүк жеңіл" деген сөздің растығын осы жайт аңдататынын жарыса жазуда.

Олар бұл қатал заманда мейірімді, қамқор адамдардың әлі де баршылық екеніне тәнті болған.

"Талай адам оған көмектесуге барын салғаны қуантады", "Адамдардың жүрегі, жаны мен күші біріксе, кез келген қамалды бұзуға болады", "Адамгершіліктің таңғажайып көрінісі", - деп жазған видеоға пікір қалдырушылар.

Ескерту: Жүйкесі жұқа және жүрегі әлсіз адамдарға видеоны қарауға кеңес бермейміз!

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1898175-zurt-avtobusty-zabyla-koterip-astynda-qalgan-zeinetkerdi-qutqaryp-qaldy-video/