RU

Қазақстанда пандемия кезеңінде ажырасу саны үш еседей азайған

Жұп
Көрнекі фото: pixabay.com

Қазақстанда пандемия кезеңінде неке қидырғандар саны мен некесін бұзғандар саны азайды деп хабарлайды ranking.kz.

2020 жылдың 3 тоқсанында 87,6 мың неке тіркелсе, 17,3 мың жұп ажырасқан. 2019 жылдың дәл осындай кезеңімен салыстырғанда неке саны 15,7 пайызға, ажырасу саны 2,6 есеге азайған.

Ал басқа елдердегі жағдай өзгеше. BBC News басылымының жазуынша, 2020 жылдың карантинде өткен бірнеше айы әлем бойынша ажырасулар мен айырылысулар санына тікелей әсер еткен.

Мәселен, Ұлыбританияда ресми ажырасулар санының жылдық өсімі 20 пайызды құраған. Канада, Қытай сынды елдердегі жағдай да осыған ұқсас.

Порталдың жазуынша, Қазақстандағы карантиндік шектеулер толық жойылып, мемлекеттік мекемелер мен органдар қалыпты жұмыс кестесіне оралған кезде, сондай-ақ халықтың әл-ауқаты бұрынғы деңгейге қайта оралғанда елдегі ажырасу динамикасын талдауға болады. Өйткені бұл көрсеткіштер өзгеруі мүмкін.

Естеріңізге сала кетейік, Ішкі істер министрлігі елімізде карантин кезеңінде жасөспірімдерді зорлау дерегі 19% пайызға өскенін хабарлаған еді.

Зорлық-зомбылық көрсеткендердің дені жәбірленушінің жақындары мен таныстары болып шыққан.

Министр Ерлан Тұрғымбаевтың сөзінше, бұл пандемия кезінде үйде отырып, ішімдікке сылқия тоятындардың қатары көбейгендігімен байланысты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1898228-qazaqstanda-pandemiya-kezeninde-azyrasu-sany-us-esedei-azaigan/