RU

ДДСҰ коронавирус Уханьдағы зертханадан тарады деген тұжырымды жоққа шығарды

Аурухана
Көрнекі фото: Orhan Cicek/Anadolu Agency via Getty Images

COVID-19 инфекциясының қалай пайда болғанын тексеріп жатқан Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мамандары инфекция Уханьдағы зертханадан тарады деген тұжырымды жоққа шығарды деп хабарлайды centralasia.media.

ДДСҰ мамандары коронавирустың таралуына инфекцияны тікелей жануардан немесе мұздатылған азық-түліктен жұқтыру себеп болуы мүмкін дейді.

Делегация басшысы Бен Эмбарек коронавирустың пайда болуын анықтау үшін ешқандай қосымша зерттеудің қажеті жоқ екенін жеткізді.

Оның сөзінше, вирус Ухань базарына мұздатылған азық-түлік арқылы келуі мүмкін.

"Уханьдағы базар жануарлардың мұздатылған өнімін, теңіз өнімдерін сатумен айналысқан", - дейді ДДСҰ делегация басшысы.

Коронавирус Уханьдағы зертханада пайда болуы мүмкін деген тұжырымды АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трамп айтқан еді. Ал Қытай үкіметі бұл теорияы теріске шығарған болатын.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілдері пандемияны зерттеу үшін Ухань қаласына қаңтар айының ортасында келді.

Топ құрамына АҚШ, Австралия, Германия, Жапония, Ұлыбритания, Ресей, Нидерланды, Катар және Вьетнамнан келген вирусологтар мен басқа да сарапшылар кіреді.

Ғалымдар вирус адамдарға Қытайдың оңтүстік-батысындағы жарғанаттардан немесе басқа жануарлардан жұқты деп болжап отыр.

Делегация басшысы Бен Эмбаректің айтуынша, коронавирус Уханьдағы зертханадан тарады деген тұжырымды әрі қарай қосымша зерттеудің қажеті жоқ.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1898230-ddsu-koronavirus-uxandagy-zertxanadan-tarady-degen-tuzyrymdy-zoqqa-sygardy/