RU

"Тек сүйегі ғана қалған": Таразда қапқа салынған адамның мәйіті табылды

Қаңқа
Скриншот: "Астана" телеарнасы

Таразда канал жиегін тазалау кезінде қапқа салынған адамның сүйектері табылды деп хабарлайды "Астана" телеарнасы.

Табылған мәйіт ер адам ба, әйел адам ба ол жағы белгісіз. Адамның қаңқасын Жасыл ел-Тараз мекемесінің қызметкерлері жұмыс жүргізу кезінде тапқан.

Мекеме қызметкерлері екі мөлтек ауданды бөліп тұратын су каналының жағасындағы қамысты орып, қоқыстан тазартып жүрген кезде жерге көмілген қапты байқап қалады. Күдікті болып көрінген қапты алып шыққан қызметкерлер онда қаңқа жатқанын ұға салысымен, бірден тәртіп сақшыларын шақыртыпты.

Қаңқаны тауып алғандардың сөзіне сенсек, мәйіттің тек сүйегі ғана қалған. Соған қарағанда, марқұм бірнеше жыл бұрын өлтірілген болуы мүмкін деген болжам жасалуда.

"Бұл дерекке қатысты Тараз қаласының полиция басқармасымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру өндірісі басталып, табылған мәйіт сүйектерінің қалдықтарына сот медициналық сараптама тағайындалды. Қазіргі уақытта оның жеке басын анықтау мақсатында жедел іздестіру іс-шаралары жүргізілуде", - дейді Жамбыл облысы полиция департаментінің баспасөз хатшысы Гүлсара Мұхтарқұлова.

Еске салсақ, бұған дейін Түркістан облысының тұрғыны дәрігерлерді нәрестесінің өліміне айыптағанын жазған едік. Ер адамның айтуынша, ол полицияға арыз жазып үлгерген. Полицейлер оған бұл факт бойынша тергеу басталғанын айтыпты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1898398-tek-suiegi-gana-qalgan-tarazda-qapqa-salyngan-adamnyn-maiiti-tabyldy/