RU

Ақтөбеде әріптесін өлтірген мұғалімге сот үкімі шықты

Сот
Көрнекі фото: pixabay.com

Ақтөбеде әріптесін мерт қылған 43 жастағы ер адам 8 жылға бас бостандығынан айырылды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Мұғалімге қатысты үкім Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында оқылды. Сотталушы сотта өз кінәсін толық мойындаған.

"Сотталушының кінәсі оның кiнәсiн мойындап келу туралы арызымен, өзінің және куәлардың жауаптарымен, тергеу хаттамаларымен және сараптама қорытындыларымен толық дәлелін тапты. Сот үкімімен "Ж" ҚР ҚК-нің 99-бабының 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, оған 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Жазаны қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша жоғары мекемесінде өтеу белгіленді", - деп хабарлайды облыстық соттың баспасөз қызметі.

Жаза тағайындау кезінде, сотталушының кінәсін мойындағаны, өкінгені, жәбірленушінің кешірім бергені және кәмелетке толмаған балалары болғаны ескерілген.

Сотталған мұғалім мектепте 20 жылдай еңбек еткен.

Еске сала кетсек, оқиға 2020 жылы 22 қазан күні Ақтөбе облысы Шұбарқұдық ауылында болған еді. Марқұм мен сотталушы бір мектепте жұмыс істеген.

Іс материалдарында хабарланғандай, әріптестер бірінің үйіне қонаққа барғанда олардың арасында жанжал туындап, сотталушы масаң күйде марқұмның сол жақ кеуде қуысына пышақ салған. Салдарынан ол оқиға орнында қайтыс болған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1898496-aqtobede-ariptesin-pysaqtap-oltirgen-mugalim-sottaldy/